ҚХЛ: «Барыс» жаңа маусымдағы алғашқы жеңісін тойлады
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Автомобилист» (Екатеринбург) командасына қарсы өткізді.
Кездесу барысында қазақстандық команда жылдам гол соғып кетті. Ойынның басталғанына небәрі 27 секунд өткенде елордалық хоккейші Кирилл Савицкий әріптесі Роман Старченконың берген пасын голға айналдырды.
Екінші кезеңде ресейлік хоккейшілер таразы басын теңестірді. Бұл голды 23-минутта Ники Меркли өзінің еншісіне жазды.
Негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда Майкл Маклауд жеңіс шайбасын соғып кетті.
Осылайша «Барыс» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, жаңа маусымдағы алғашқы жеңісіне жетті.
Енді қазақстандық команда бұдан кейін қатарынан екі ойынын сырт айдында өткізеді. Алдымен 19 қыркүйекте «Ак Барс» (Қазан) командасымен кездессе, 21 қыркүйекте «Витязь» (Подольск) клубтарымен ойнайды.
Айта кетсек, бұдан бұрын «Барыс» елордада Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск), «Трактор» (Челябинск), «Амур» (Хабаровск), Беларусьтің «Динамо» (Минск) командаларынан жеңіліп қалған еді.