ҚХЛ: «Барыс» жеңіп жатып жеңіліп қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) тұрақты чемпионатының кезекті турында «Барыс» елордада «Авангард» командасын қабылдады.

ҚХЛ: «Барыс»
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Шығыс конференцияда турнир кестесінде 10-11-орында құйрық тістесіп келе жатқандықтан, бұл кездесу қос клуб үшін де маңызды еді.

Бұл жолы «Барыс Аренаға» биылғы маусымда алғаш рет 11 мыңнан астам жанкүйер жиналып, астаналық команданы қолпаштап отырды.

ҚХЛ: «Барыс»
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Бірінші кезеңде Никита Сетдиков пен Иван Николишин бір-біріне дәл пас беріп, шайбаны «Авангардтың» қақпасына қарай жақсы алып шықты. Соның нәтижесінде И.Николишин 7-минутта есеп ашты.

Екінші таймда қонақтар көбірек шабуылдады. Дегенмен айдын иелері де қарап қалмады. 38-минутта Данил Бутенконың пасынан кейін Әділ Бекетаев қарсылас команданың ойыншысын әдемі алдап өтіп, есепті 2:0-ге жеткізді.

ҚХЛ: «Барыс»
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Үшінші кезеңде Иван Игумнов пен Наиль Якуповтың көмегімен 47-минутта омбылық Николай Прохорхин есепті қысқартты – 1:2.

Бұдан кейін астаналықтар өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Матчтың аяқталуына 38 секунд қалғанда, қақпашысын айдындағы ойыншыға алмастырған «Авангардтан» Н.Прохоркин таразы басын теңестіріп кетті.

ҚХЛ: «Барыс»
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Овертаймда «Авангард» сапындағы Коул Касселс жеңіс шайбасын соқты – 3:2. Омбылық клуб 2, «Барыс» 1 ұпайға ие болды.

Ғалым Мәмбетәлиевтің шәкірттері келесі кездесуін 27 қараша күні Новосібірде «Сибирь» командасымен өткізеді.

ҚХЛ: «Барыс»
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыс» «Авангард» командасының мысын баса ала ма, соны жазған болатынбыз.

 

 

Соңғы жаңалықтар