ҚХЛ: «Барыс» алғашқы ойынын елордада өткізеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» жаңа маусымдағы құрлықтық хоккей лигасының алғашқы төрт ойынын өз айдынында өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жөнінде клубтың баспасөз қызметі мәлім етті.
Қазақстандық клуб алғашқы кездесуінде 3 қыркүйекте Ресейдің «Салават Юлаевын» қабылдайды. Одан кейін сол елдің «Металлургымен» 5, «Амурымен» 8 қыркүйекте мұз айдынға шығады. Төртінші ойын 11 қыркүйекте тағы бір ресейлік «Спартакқа» қарсы өтеді.
Одан кейінгі үш кездесу Ресей, Латвия және Финляндияда жалғасады. Алдымен 14 қыркүйекте Мәскеуде ЦСКА-мен шеберлік байқасса, одан кейінгі ойындар 16 қыркүйекте Ригада «Динаиомен», 18 қыркүйекте Хельсинкиде «Йокеритпен» болады.
Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында «Барыс» соңғы кездесуінде Ресейде «Автомобилистпен» тартысқа түседі.
Еске салсақ, елордалық клуб биыл жарыстың плей-офф сатысына шығып, онда Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасына жол берді.