ҚХЛ: «Барыс» буллитте «Металлургке» жол берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс» құрлықтық хоккей лигасында бүгін елордада Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ойын барысында қос команданың белсенділігі айқын аңғарылды. Нәтижесінде бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.

Екінші кезеңде елордалық хоккейшілер шабуыл шебінен жиі көрінді. Ал ресейлік команда ойыншылары дөрекілігімен көзге түсіп, айдыннан жиі қуылды.

Осындай сәттердің бірінде сан басымдығына ие болған «Барыс» есеп ашты. Оны 30-минутта Филип Вароне өзінің еншісіне жазды.

Ресейлік хоккейшілер үшінші кезеңді белсенді бастады. Ойынның 41-минутында «Металлург» хоккейшісі Николай Прохоркин таразы басын теңестірді.

Негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталды. Овертаймда да жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте «Металлургтің» жолы болды.

Енді «Барыс» 19 қарашада елордада Ресейдің «Авангард» (Омбы) командасымен кездеседі.


Соңғы жаңалықтар