ҚХЛ: «Барыс» елордада «Авангардтан» жеңіліп қалды
Екі команда турнир кестесінде қатар келеді. Жалпы турнир кестесінде «Авангард» алтыншы, «Барыс» жетінші орында тұрған болатын. Сондай-ақ, биыл елордалық клуб оларды екі мәрте тізе бүктіріп үлгерді. Сондықтан «Авангард» есе қайтаруға бар күшін салатыны белгілі еді.
Расында да, ойын барысында ресейлік клубтың шабуылға шығуы жиі байқалды. Нәтижесінде 1-минутта ресейлік Павел Дедунов өз командасын алға шығарды. Бұдан кейін елордалық хоккейшілер таразы басын теңестіруге ұмтылған. Дегенмен есеп үшінші кезеңге дейін өзгерген жоқ. Ойынның 54-минутында «Авангард» хоккейшісі Вячеслав Войнов есепті үстемелей түсті. Ал 59-минутта ресейлік клуб сапынан Роб Клинкхаммер қорытынды есепті белгіледі. Кездесуде «Барыс» 0:3 есебімен жеңіліп қалды.
«Барыс» енді елордада 12 қаңтарда Ресейдің «Локомотив» (Ярославль), 14 қаңтарда «Салават Юлаев» (Уфа), 16 қаңтарда «Металлург» (Магнитогорск) командаларын қабылдайды.
Бұдан бұрын «Барыс» «Нефтехимикті» ойсырата жеңген болатын .