ҚХЛ: «Барыс» елордада «Автомобилист» командасын қабылдайды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында «Барыс» өз айдынында «Автомобилист» (Екатеринбург) командасын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл матч қос команда үшін де аса маңызды. Өйткені Шығыс конференциясында «Барыс» 40 ұпаймен сегізінші, одан бір ғана ұпайы кем «Автомобилист» тоғызыншы орында келеді.

Плей-офқа алғашқы сегіз команда шығатынын ескерсек, ұпай қоржынын толықтыру қажет-ақ.

Николай Заварухин жаттықтыратын «Автомобилист» өткен турда Уфада «Салават Юлаевтан» 2:4 есебімен жеңіліс тапты. Елордалық клуб та сенбі күні дәл осындай есеппен Челябіде «Тракторға» есе жіберді.

«Барыстың» сұрмергендері Никита Михайлис пен Кертис Волк төрт кездесу бойы гол соға алмай келеді. Тағы бір шабуылшы Аркадий Шестаков жарақатынан айығу үстінде. Қазанда «Ак Барс» командасымен ойында жарақат алған Коди Куниктің де айдынға шығар-шықпасы белгісіз.

Қос команданың биылғы маусымдағы екі кездесуі қазақстандық ұжымның пайдасына шешілді (5:4, 2:0).

Елорда уақытымен сағат 19.30-да басталатын матчты «Qazsport» және «KHL» телеарналарынан тікелей эфирде көруге болады

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» «Трактор» командасынан ұтылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар