ҚХЛ: «Барыс» қатарынан жетінші рет жеңіске жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» кезекті ойынын өз айдынында өткізді. Құрлықтық хоккей лигасындағы 21 кездесуінде елордалық команда Ресейдің Владивосток қаласының «Адмирал» клубын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Адмирал» 2013 жылы құрылған. Содан бері құрлықтық хоккей лигасында сынға түсіп келеді. Әзірге жоғары табыстарға қол жеткізе қойған жоқ. Биыл да сондай сүреңсіз ойынымен көзге түсіп отыр. Қазір олар 23 кездеуден кейін небәрі 13 ұпайды қоржынға салып, жалпы турнир кестесінде 25 команда арасында 23 орында келеді. Ал «Барыстың» жағдайы жаман емес. Турнир кестесінде 20 ойыннан кейін 9 орында келеді. Айта кетелік, елордалық клуб соңғы алты ойынның бесеуінде жеңіске жетіп, өз жанкүйерлерін желпінтіп жүр.
Бүгінгі кездесу «Барыс» үшін сәтті басталды. Алғашы минуттан айдын иелері басымдық танытты. «Адмирал» сапынан хоккейшілер дөрекелік көрсетті. Осының салдарынан олардың қатарынан екі ойыншы айдыннан қуылды. Атап айтқанда, Александр Мерескин мен Александр Угольников бірінен кейін бірі дөрекі қимылымен көзге түсіп, айдыннан қуылды. Дегенмен «Адмиралдың» үш хоккейшісіне бесеуі қарсы ойнағанымен «Барыс» одан нәтиже шығара қойған жоқ. Есесіне Брэндон Боченски шамалыданк кейін «Адмирал» қақпашысымен бетпе-бет шықты. Бұл мүмкіндікті «Барыс» капитаны мүлт жіберген жоқ. Есеп 1:0. Елордалық клуб осылайша өздерінің жағдайын жақсарта түсті.
Екінші кезеңде екі команда да бір-бірінің қақпасынан ешқандай саңылау таба алған жоқ. Әсіресе, «Барыстың» гол соғатын мүмкіндігі көбірек болған еді. Алайда олардың ешқайсысы өз нәтижесін бермеді.
Үшінші кезеңде Брэндон Боченски тағы да мергендік танытты. Ол 42-минутта қарсыластар қақпасына гол соқты. Бұл ойында 2:0 есебімен «Барыс» жеңіске жетті. Айта кетелік, бұл - елордалық клубтың қатарынан алтыншы жеңісі. Тағы бір айта кетерлігі, соңғы 12 кездесуде «Барыс» небәрі екі мәрте жеңіліп, қалғанының барлығында қарсыластарынан басым түсті.
Бұдан бұрын «Барыс» өз айдынында Минскінің «Динамо» командасын 3:1, Подольскінің «Витязін» 3:1, Новосібірдің «Сибирь» клубын 5:2 есебімен жеңді.
«Барыс» енді өз айдынында тағы бір ойын өткізіп, 1 қарашада Челябинскінің «Тракторын» қабылдайды. Одан кейінгі үш кездесуі сырт айдында болады. Атап айтқанда, 3 қарашада Минскінің «Динамо» (Беларусь), 5 қарашада Братиславаның «Слован» (Словакия), 12 қарашада Новосібірдің «Сибирь» клубтарымен кездеседі.