ҚХЛ: «Барыс» көшбасшы командадан жеңіліп қалды

Армияшылар клубы құрлықтық хоккей лигасындағы тәжірибелі команданың бірі саналады. Бүгінгі күнге дейін аталмыш турнирде екі мәрте Гагарин кубогына қол жеткізді. Алғаш рет 2014-2015 жылғы кезеңде осындай жетістікке қол созса, былтыр да дәл осындай табысын қайталады.
Екі команда бұған дейін 19 мәрте кездескен еді. «Барыс» небәрі төрт мәрте жеңіске жетсе, қалғанында СКА қанжығасын майлады. Біздің хоккейшілер соңғы мәрте аталмыш қарсыласын 2015 жылдың 28 қазанында 4:2 есебімен тізе бүктірген еді. Содан бергі бес кездесуде бүгінгі қарсыласымыз басымдық танытты. СКА командасы биыл да көшбасшылар қатарында келеді. Мәскеудің ЦСКА клубымен алғашқы екі орынды бөлісіп отыр.
Айдын иелері бұл кездесуде де жеңіске жету жолын іздеді. Кездесу басталысымен ойын тізгінін қолға алуға ұмтылды. Алғашқы голды да айдын иелері соқты. Олардың сапынан 15-минутта Антон Белов мергендік танытты. Бұдан кейін қарсыласымыз біздің қақпадан саңылау таба алған жоқ.
Екінші кезеңде «Барыс» хоккейшілері таразы басын теңестіруге ұмтылды. Бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Оған СКА командасы да тегеурінді қарсылық көрсетті. Десе де 25-минутта Джесси Блэкер шайба соғып, ойын барысын одан әрі қызықты ете түсті. Екі команда да бір-бірінің қателігін іздеді. Дегенмен таблодағы есеп екінші кезеңде сол күйінше қалды.
Үшінші кезең де дәл сондай көріністе өрбіді. Қос команда тарапынан дөрекілік әрекеттер көзге түсті. СКА сапынан 47-минутта Евгений Кетов, сәлден кейін «Барыс» қатарынан Андре Петерсон айдыннан қуылды. Бұдан кейін «Барыс» тарапынан басымдық байқалды. Нәтижесінде 49-минутта Брэндон Боченски айдын иелері қақпасынан саңылау тапты. Есеп 2:1. «Барыс» командасы алға шықты. Ал 55-минутта таразы басы тағы да теңесті. СКА сапынан Владислав Гавриков мергендік танытты. Есеп 2:2. Ойын овертаймға ұласты. Бұл жолы СКА командасының жолы болды.
«Барыс» бұдан бұрын сырт айдында бір ойын өткізді. 22 қаңтарда Магнитогорскіде жергілікті «Металлургті» 3:1 есебімен басым түскен еді.
«Барыс» енді екі ойынды сырт айдында өткізеді. Алдымен 26 қаңтарда Мәскеуде ЦСКА клубымен шеберлік байқасады. Ал 29 қаңтарда Новосібірдің «Сибирімен» ойнайды. Елордада 31 қаңтарда бүгінгі қарсыласымыз - Санкт-Петербургтің СКА командасымен тағы бір ойын өткізеді.