ҚХЛ: «Барыс» «Локомотивтен» жеңіліп қалды
Екі команда биыл бір мәрте кездескен. Ярославльде өткен ойында айдын иелері «Барыстан» 5:3 есебімен басым түсті. Командалар бұған дейін 16 мәрте матч өткізген. Оның 12-сі «Локомотивтің» басымдығымен аяқталса, қалғанында «Барыс» жеңіске жеткен.
Айта кетерлігі, соңғы екі кездесуде ресейлік клуб мықтылығын көрсетіп келеді. Соңғы рет біздің команда 2017 жылдың 27 қыркүйегінде өз айдынында бүгінгі қарсыласын 6:1 есебімен ойсырата жеңген болатын.
Бүгінгі кездесуде екі команда да шабуылға иек артатынын алғашқы минуттан байқатты. «Локомотив» осындай сәттердің бірінде біздің қақпаға шайба соғып кетті. Ол Степан Санниковтың еншісіне жазылды. Бұдан кейін екі команда да есепті өзгертуге тырысты. Дегенмен бірінші кезеңде сол есеп сақталып қалды.
Екінші кезеңде тартыс одан әрі қыза түсті. Алдымен «Барыс» таразы басын теңестірді. Оны Роман Старченко 25-минутта өзінің еншісіне жазды. Айдын иелері бұл есепті ұстап тұра алған жоқ. «Барыс» хоккейшісі Андре Петерсон дөрекі қимылына байланысты екі минутқа айдыннан қуылды. Ойыншылар саны басымдығын пайдаланған «Локомотив» гол соғып бұл кездесуде тағы да алға шықты. Бұл сәтте «Локомотив» хоккейшісі Егор Аверин қақпаны дәл көздей білді. Жалпы, екінші кезеңде «Барыс» хоккейшілері дөрекілігімен көзге түсіп, айдыннын жиі қуылды. Атап айтқанда, Андре Петерсон екі, Мэттью Фрэттин мен Патрис Кормье бір-бір мәрте осылайша жазаланды.
Үшінші кезеңде «Барыс» таразы басын теңестіруге ұмтылды. Қарсыласынан басым ойнады. Дегенмен есепті өзгерте алған жоқ. «Локомотив» «Барыстан» 2:1 есебімен басым түсті.
Бұған дейін «Барыс» өз алаңында 18 желтоқсанда Череповецтің «Северсталь» командасынан 3:0 есебімен басым түсті.
Енді «Барыс» өз айдынында бір ойын өткізеді. 22 желтоқсанда Владивостоктың «Адмирал» командаларымен кездеседі. Ал 28 желтоқсанда сырт айдында Челябінің «Тракторымен» шеберлік байқасады.