ҚХЛ: «Барыс» Мәскеуде «Динамодан» басым түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лиасындағы кезекті ойынын Ресейдің «Динамо» (Мәскеу) командасына қарсы өткізіп, оларды овертаймда 3:2 есебімен тізе бүктірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚХЛ: «Барыс» Мәскеуде «Динамодан» басым түсті

Биыл «Динамо» командасы аталмыш турнирде сәтсіз ойнап келеді. Бүгінге дейін барлығы тоғыз кездесудің үшеуінде жеңіске жетсе, қалғанында есе жіберді. «Барыстың» да жағдайы «Динамомен» қарайлас. Бүгінге дейін сегіз кездесудің бесеуінде есе жіберді, үшеуінде жеңіске жетті.

Қос ұжым да бұл кездесуде жеңіске жетуді көздегені анық. Қай команда басым екені алғашқы кезеңде анықтала қойған жоқ.

Екінші кезең «Барыс» үшін сәтті басталды. Небәрі 2 минуттай өткенде елордалық хоккейшілер шабуыл ұйымдастырды. Никита Михайлис және Андре Петерсон әріптестері Мэттью Фрэттинге әдемі пас шығарып берді. Оны канадалық жігіт қақпаға дарытып, өз командасын алға шығарды. Десе де 35-минутта «Динамо» ойыншылары сан басымдығын пайдаланып, біздің қақпадан саңылау тапты. Бұл шайбаны мәскеулік Илья Никулин енгізді. Есеп 1:1.

Шешуші үшінші кезеңде «Динамо» тағы да бір ойыншымен артық ойнау мүмкіндігіне ие болды. Олар бұл мүмкіндікті де мүлт жібермей, бір шайба соғып үлгерді. Дәлірек айтқанда, 46-минутта «Динамо» хоккейшісі Юусо Хиетанен қақпаны дәл көздеді. Ал 52-минутта «Барыста» дәл осындай жағдай қалыптасты. Қарсыластар сапынан хоккейші айдыннан қуылып, біздің жігіттер басымдыққа қол жеткізді. Біздің хоккейші Кевин Даллман таразы басын теңестіріп кетті. Есеп 2:2. Ойын овертаймға ұласты.

Овертаймда Мэттью Фрэттин жеңіс шайбасын соқты. Есеп 3:2. «Барыс» жеңіске жетті. Дегенмен айдын иелері бұл гол ережесіз соғылған деп дау шығарған еді. Бейнеқайталау көрген төрешілер оның бекер екенін көрсетті.

Өткен турда олар Ресейдің Уфа қаласында жергілікті «Салават Юлаев» командасынан ойсырай жеңілді. Есеп 3:7.  

 «Барыс» алдағы екі ойынын сырт айдында өткізеді. 26 қыркүйекте Подольскінің «Витязьімен» шеберлік байқасады. Ал 29 қыркүйекте Латвияның Рига қаласының «Динамо» клубымен кездеседі. Ал 3 қазанда елордада ЦСКА командасын қабылдайды.