ҚХЛ: «Барыс» пен «Авангард» арасындағы ойындар сериясы теңесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» Омбының «Авангард» (Ресей) командасымен құрлықтық хоккей лигасы шығыс конференциясында плей-офф кезеңінің жартылай финалының екінші ойынын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, екі команданың жарыстың аталмыш сатысындағы алғашқы ойынында омбылық клуб 3:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша олар астаналық хоккейшілерді жеті ойын қатарынан қапы қалдырып кеткен еді.

Бүгінгі кездесуде «Барыс» ойын тізгінін қолға алды деп айтуға негіз бар. Кездесу барысында олар қарсыластар қақпасы маңында жиі бой көрсетіп жатты. Десе де бірінші кезеңде екі команда бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Екінші кезеңде де айдын иелері тағы да алға қарай ұмтылды. Біраз уақыт бойы «Авангард» маңында бой көрсетіп жатты. Алғашқы шайбаны «Барыс» сапынан Виктор Сведбергтің пасынан кейін Джесси Блэкер салды. Бұл ойынның 29-минуты болатын. Ал 34-минутта Дмитрий Гренц пен Егор Шалаповтың пасынан кейін астаналық Дастин Бойд есепті үстемелей түсті. Есеп 2:0. Бұдан кейін «Авангард» жігіттері шабуылға шықты. Алайда олар дегендеріне жете алған жоқ.

Үшінші кезең екі команданың шабуылымен өрбіді. Нәтижесінде 44-минутында командаласы Тейлор Бектің пасын «Авангард» хоккейшісі Сергей Шумаков шебер пайдаланып, есеп айырмасын қысқартты. Бұл шайба астаналық хоккейшілердің сағын сындыра қойған жоқ. Арада небәрі екі минут өткенде Брэндон Боченски мергендік танытты. Есеп 3:1. Ал 54-минутта айдын иелері есепті ұлғайта түсті. Бұл жолы Дастин Бойд тағы да қанжығасын майлады. Ал 58-минутта «Авангард» тағы да есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды. Есеп 4:2. Осылайша «Барыс» пен «Авангард» командалары арасындағы ойындар сериясы теңесті. Сондай-ақ, астаналық клуб аталмыш қарсыласын жеті ойынға созылған жеңілістер сериясын тоқтатты.

Айта кетерлігі, соңғы жеті ойыннан бері біздің команда аталмыш қарсыласын тізе бүктіре алмай келеді. Соңғы мәрте «Барыс» омбылық клубты 2017 жылдың 10 қазанында 4:3 есебімен жеңген еді .

Ендігі екі ойын 18 және 20 наурызда Балашиха қаласында өтеді. Ескерте кетерлігі, Омбы қаласындағы хоккей аренасы мұндай деңгейдегі ойындар өткізуге дайын емес. Сондықтан «Авангард» өз ойындарын Балашиха қаласында өткізуге мәжбүр. Төрт кездесуде жеңімпаз анықталмаған жағдайда командалар 22 наурызда Астанада, 24 наурызда Балашихада шеберлік байқасады. Алты ойында жеңімпаз белгілі болмаса соңғы кездесу тағы да Астанада 28 наурызда өтеді.

Төрт кездесуде жеңімпаз анықталмаған жағдайда командалар 22 наурызда Астанада, 24 наурызда Балашихада шеберлік байқасады. Алты ойында жеңімпаз белгілі болмаса соңғы кездесу тағы да Астанада 28 наурызда өтеді.

«Барыс» жарыстың бұл сатысына өз тарихында үшінші мәрте шығып отыр. Елордалық клуб 2013/2014 және 2016/2017 жылғы кезеңдерде жанкүйер қауымын осындай жоғары жетістігімен қуантқан еді. Дегенмен екеуінде де одан әріге аса алған жоқ.

Соңғы жаңалықтар