ҚХЛ: «Барыс» СКА командасын бес жылдан кейін жеңді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында Ресейдің СКА (Санкт-Петербург) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі кездеуде айдын иелері алғашқы болып есеп ашты. Ойынның 14-минутта елордалық Антон Сагадеев мергендік танытты. Одан кейін 19-минутта Даррен Диц есепті үстемелей түсті.
Екінші кезеңде ресейлік хоккейшілер сапынан Иван Морозов «Барыс» қақпасынан саңылау тапты. Ал үшінші кеезңнің 44-минутында СКА хоккейшісі Евгений Тимкин таразы басын теңестірді.
Негізгі кезең 2:2 есебімен тең аяқталды. Жеңімпаз овертаймда да анықталған жоқ. Буллитте «Барыстың» жолы болды. Осылайша елордалық клуб аталған қарсыласынан бес жылдан кейін алғаш рет басым түсіп отыр. Соңғы рет қазақстандық клуб СКА командасын 2015 жылдың 28 қазанында жеңген еді.
Екі команда бұған дейін 24 мәрте кездесті. Оның 4-і «Барыстың» жеңісімен аяқталса, қалғанында ресейлік клуб басым түсті. Соңғы тоғыз ойында СКА клубы басымдық танытып келе жатқан болатын.
Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын «Барыс» командасы қызметкерлері мен ойыншыларынан коронавирус инфекциясы табылды. Соған байланысты команда екі аптаға карантинге жіберілді. Ойындар кейінге шегерілді.
Енді елордалық клуб 7 қазанда Ресейде Екатеринбургтің «Автомобилист» командасымен кездеседі. Одан кейін 10 қазанда елордада Ресейдің «Северсталь» клубын қабылдайды.