КХЛ: «Барыс» төртінші рет қатарынан жеңіске жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуін Ресейдің «Витязь» (Подольск) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Витязь» оңай қарсылас емес. Жалпы турнир кестесінде «Барыспен» қатарлас келеді. Қос команда да сондықтан жағдайын жақсартуға барын салды. Алғашқы минутта ресейлік клубтың басымдығы аңғарылып тұрды. Олар «Барыс» қақпасына алғашқы болып гол соғып кетті. Оны 13-минутта Якуб Ержабек өзінің еншісіне жазды. Десе де 18-минутта елордалық клуб сапынан Корбан Найт таразы басын теңестірді.

Екінші кезең «Барыстың» басымдығымен өтті. Қазақстандық клуб хоккейшілері қатарынан үш шайба соғып, жеңіске жақындай түсті. Алдымен 24-минутта Кёртис Валк «Барысты» алға шығарса, 32-минутта Линус Виддель есепті үстемелей түсті. Ал 39-минутта олардың командалас әріптесі Дмитрий Шевченко мергендігімен көзге түсті.

Ал үшінші кезеңнің 48-минутында «Витязь» хоккейшісі Святослав Гребенщиков есеп айырмасын қысқартқан еді. Елордалық клуб сапынан 53-минутта Линус Виддель өзінің бүгінгі кездесудегі екінші шайбасын соқты. Осылайша елордалық клуб қарсыласын 5:2 есебімен жеңді.

Айта кетерлігі, соңғы сегіз кездесуде «Барыс» небәрі бір ойында жеңіліп, қалғанының барлығында басым түсті. Сондай-ақ, елордалық клуб қатарынан төртінші мәрте жеңіске жетіп отыр.

Аталмыш ойыннан кейін «Барыс» жалпы турнир кестесінде бесінші орынға көтерілді. Ал шығыс конференциясында үшінші орынды сақтаса, Чернышев дивизионында екінші орынға жайғасты.

«Барыс» енді 24 желтоқсанда Ресейдің «Спартак» (Мәскеу) командасымен шеберлік байқасады. Одан кейін елордада қатарынан төрт ойын өткізеді. Алдымен 25 желтоқсанда Ресейдің СКА (Санкт-Петербург), 27 желтоқсанда «Динамо» (Мәскеу), 29 желтоқсанда «Автомобилист» (Екатеринбург), 30 желтоқсанда Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командаларымен мұз айдынға шығады.

Соңғы жаңалықтар