ҚХЛ: «Барыс» үш жеңілістен кейін «Торпедодан» басым түсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың «Барыс» командасы құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында өз алаңында Ресейдің Нижний Новгород қаласының «Торпедо» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барыс» аталмыш командамен 9 қыркүйекте Нижний Новгород қаласында шеберлік байқасқан еді. Бұл кездесуде мұзайдын иелері овертаймда 4:3 есебімен басым түсіп, астаналық хоккейшілер жеңіліп қалған болатын. Жалпы, біздің жігіттер алғашқы турда 5 қыркүйекте Нижнекамскінің «Нефтехимигін» 6:1 есебімен жеңгеннен кейін ешқандай командадан басым түсе алмай келеді. Атап айтқанда, 7 қыркүйекте Қазанның «Ақ барысынан» 3:4 есебімен жеңілді. Ал 12 қыркүйекте елордада «Нефтехимик» 5:4 есебімен басым түсіп, апта бұрынғы жеңілісінің есесін қайтарып кетті.

Бүгінгі кездесуге «Барыс» барынша дайындық жасағаны анық. Командаға биыл бас бапкер қызметіне тағайындалған беларусь маманы Андрей Скабелка бұл жолы басқа қақпашы шығаруды жөн санады. «Барыстың» швед қақпашысы Хенрих Ларссонның орнына қазақстандық Сергей Кудрявцев алғашқы минуттан мұзайдынға шықты. 

Алғашқы кезеңде есепті «Торпедо» хоккейшілері ашты. Бұл ойынның 14-минуты болатын. Оны Дмитрий Марковин өзінің еншісіне жазды. Осылайша жағдайды біршама қиындатып алған «Барыс» енді шабуыл шебіне көбірек көңіл бөлді. Осындай сәттердің бірінде канадалық Патрис Кормье таразы басын теңестірді. Кездесудің 21-минутында соғылған бұл шайбадан кейін екі команда да гол соғатын біршама мүмкіндіктерді құр жіберіп алды. Ал 45-минутта «Барыс» шайба соғып, алға шықты. Соғылған шайба Мэттью Фрэттиннің еншісіне жазылды. 

Ойынның соңғы минутында «Барыс» хоккейшілері екі шайба енгізіп үлгерді. Атап айтқанда, 59-минут 11 секундта Брэндон Боченски есепті 3:1-ге жеткізсе, араға небәрі 28 секунд салып Андре Петерсон қорытынды есепті белгіледі. Есеп 4:1. Осылайша «Барыс» қатарынан үш жеңіліс сәтсіздігін тоқтатты. 

Енді «Барыс» елордада 16 қыркүйекте Қазанның «Ақ барысымен» кездессе, 18 қыркүйекте Омбының «Авангард» командасын қабылдайды.


Фото: hcbarys.kz

Соңғы жаңалықтар