ҚХЛ: «Барыс» үшінші ойын қатарынан жеңіске жетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс» құрлықтық хоккей лигасында бүгін Ресейде Череповец қаласының «Северсталь» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚХЛ: «Барыс» үшінші ойын қатарынан жеңіске жетті

Екі команда биыл 10 қазан күні елордада кездесіп, ол жолы «Северсталь» 3:2 есебімен басым түсті. Одан бұрын «Барыс» аталған командадан қатарынан төрт мәрте жеңіді. Сондықтан бүгін елордалық хоккейшілер үшін есе қайтару қажет еді.

Ойын барысынан «Барыс» хоккейшілері алға қарай ұмтылды. Олардың гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды.

Кездесудің 7-минутында елордалық хоккейші Даррен Диц мергендік танытты. Бұдан кейін 9-минутта «Барыс» хоккейшісі Линус Виддель есепті үстемелей түсті.

Екінші кезеңде ресейлік клуб таразы басын теңестіруге ұмтылды. Осындай сәттердің бірінде 29-минутта Владислав Провольнев есеп айырмасын қысқарты. Бұл кезеңде есеп өзгертуге бірнеше мүмкіндік болды. Алайда таблодағы жазу өзгеріссіз қалды.

Үшінші кезеңнің алғашқы минутында «Барыстың» басымдығы байқалды. Нәтижесінде 49-минутта Даррен Диц кездесудегі екінші шайбасын соқты. Ойында «Барыс» қарсыласын 3:1 есебімен тізе бүктірді.

Осылайша қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті. Турнир кестесінде бүгінгі жеңістен кейін елордалық клуб 22 ұпаймен 20 ұпаймен 16 орынға көтерілді.

Енді «Барыс» 10 қарашада Ресейде Ярославльдің «Локомотив» командасымен кездеседі. Одан кейін 12 қарашада Ресейде Нижнекамскінің «Нефтехимик» клубымен шеберлік байқасады.

Айта кетейік, бұдан бұрын «Барыс» қатарынан екі мәрте жеңіске жеткен болатын.