ҚХЛ: «Барыс» «Витязьді» тізе бүктірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасында кезекті ойынын өз айдынында өткізді. Қазақстандық команда Подольскінің «Витязь» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

  ҚХЛ: «Барыс» «Витязьді» тізе бүктірді

Айта кетерлігі, соңғы 10 ойында «Барыс» екі мәрте ғана жеңістің ащы дәмін татты. Соның нәтижесінде турнир кестесінде 18 кездесуден кейін 26 ұпаймен 11 орында келеді. Ал «Витязь» ала-құла ойынымен орта тұста тұр. Олардың еншісінде 21 кездесуден кейін 19 ұпай бар, турнир кестесінде 16 орынға орнықты.

Биыл екі команда бұдан бір мәрте кездескен еді. Подольск қаласында өткен ойында біздің жігіттер буллиттен 4:3 есебімен жеңіп кетті. Сондықтан «Витязь» бүгінгі кездесуге тастүйін дайындықпен келгені белгілі. Дегенмен айдын иелері олардың бұл ойлағанын жүзеге асыра қойған жоқ.

Есепті алғаш болып «Барыс» ашты. Алғашқы гол 13-минутта соғылды. Ол Никита Михайлистің еншісіне жазылды. Ал 18-минутта таразы басы теңесті. «Витязь» сапынан Миро Алтонен мергендік танытты. Екінші кезең «Барыс» үшін сәтті болды. Атап айтқанда, 28-минутта Андре Петерсон өз командасын алға шығарса, 34-минутта Роман Старченко қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Барыс» турнир кестесіндегі жағдайын одан әрі жақсарта түсті. Олар 19 ойыннан кейін 28 ұпай жинап, тоғызыншы орынға көтерілді.

Бұдан бұрын «Барыс» сыртта Челябінің «Тракторын» овертаймда 4:3 , өз айдынында Минскінің «Динамо» командасын 3:1 есебімен жеңді.

«Барыс» ендігі ойынын елордада 28 қазанда Новосібірдің «Сибирь» командасына қарсы өткізеді.