ҚХЛ: «Барыстың» плей-офф сатысының 1/2 финалындағы қарсыласы анықталды

Естеріңізге сала кетелік, «Барыс» плей-офф сатысының ширек финалында Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасын ойындар сериясында 4:1 есебімен сүріндірді. Ал «Сибирь» «Автомобилист» (Екатеринбург) клубын 4:1 есебімен жеңді.
Екі команда бұған дейін плей-офф сатысында жолыққан емес. Айта кетерлігі, «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасына биыл 12-мәрте қатысты. Соның 10-ында плей-офф сатысында бақ сынады. 2014, 2017, 2019 жылдарда жарыстың екінші кезеңіне шықты.
Ал «Сибирь» өз тарихында плей-офф сатысында 6-мәрте бақ сынап отыр. Ресейлік клуб 2013/2014, 2015/2016 жылдарда жартылай финалға дейін жетті.
Екі команда бүінгі күнге дейін құрлықтық хоккей лигасы тұрақты кезеңінде 37 мәрте кездесіп, оның 16-ы «Барыстың» пайдасына шешілді. Биылғы додада екі команда бір-бір мәртеден жеңіске жетті.
«Барыс» және «Сибирь» арасындағы алғашқы екі ойын 17 және 19 наурызда елордада өткізіледі. Ал екі команда Новосібір қаласында 21 және 23 наурызда шеберлік байқасады. Қажет болған жағдайда 25, 27, 29 наурыз күндері қосымша кездесулер болады. Ойындар бір команданың төрт жеңісіне дейін созылады.