ҚХЛ: Бүгін «Барыс» елордада алғашқы ойынын өткізеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 7 қыркүйекте Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы ойынын елордада Ресейдің «Трактор» (Челябі) командасына қарсы өткізеді.
Ойын елорда уақытымен 16:30-дак басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі команда бұған дейін 56 мәрте кездескен. Оның 22-сi елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойында ресейлік команда жеңіске жеткен. Кейінгі бес кездесудің барлығында қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.
Айта кетсек, жаңа маусымға дайындық аясында «Барыс» хоккей клубы Астанада өткен Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасымен екі бақылау ойынында (3:2, 3:1) жеңіске жетті.
Айта кетсек, биыл елордалық клубпен АҚШ хоккейшілері Иэн Маккош, Майкл Веккьоне, Райли Уолш, Тайс Томпсон, канадалық Джейк Масси, ресейлік Владимир Волков, Эмиль Галимов, қазақстандық Кирилл Панюков, Кирилл Савицкий, Батырлан Мұратов, Роман Старченко және өзге де ойыншылар келісімшартқа қол қойды.
Қазақстандық клуб Құрлықтық хоккей лигасындағы жаңа маусымда бұдан кейінгі екі ойынды елордада өткізеді. Алдымен 9 қыркүйекте «Амур» (Хабаровск), 13 қыркүйекте Беларусьтің «Динамо» (Минск) клубтарымен шеберлік байқасады.