ҚХЛ: Бүгін «Барыс» елордада Ресейдің «Торпедо» командасымен ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, 30 қыркүйекте Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Торпедо» (Нижний Новгород) командасына қарсы өткізеді.
Ойын елорда уақытымен 19:30-дa басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі команда бұған дейін 40 мәрте кездескен. Оның 22-i елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойында ресейлік команда жеңіске жеткен.
Кейінгі төрт кездесудің үшеуінде қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.
Қазақстандық команда бұдан кейінгі үш ойынын сырт алаңда өткізеді. Алдымен 3 қазанда Ресейде «Спартак» (Мәскеу) командасымен ойнаса, одан кейін 5 қазанда «Авангард» (Омбы), 7 қазанда «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен шеберлік байқасады.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» «Витязь» командасынан өз айдынында жеңіліп қалды.