ҚХЛ: Тұрақты чемпионаттың бірнеше нұсқасы дайындалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының жаңа маусымы 2 қыркүйекте басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі лиганың сайтына сілтеме жасап.

ҚХЛ: Тұрақты чемпионаттың бірнеше нұсқасы дайындалды

ҚХЛ алдағы тұрақты чемпионатты бастаудың бірнеше күнтізбе нұсқасын дайындады. Олардың барлығы чемпионатқа қатысушы командалар құрамына байланысты болып отыр.

Құрлықтық хоккей лигасы директорлар кеңесінің отырысы осы аптада өткізіледі. Онда жарысқа қатысатын командалар саны нақтыланады. Нәтижесінде жаңа маусымның ойын күнтізбесі жасалады. Клубтар мен жанкүйерлер алдағы чемпионаттың ойын күнтізбесін шілде айының соңында білетін болады.

Тамыз айының ортасында ҚХЛ клубтарының өз ойыншыларын тіркеу мерзімі басталады. ҚХЛ тұрақты чемпионаты 2 қыркүйекте жалауын көтереді.

2008 жылдан бері аталған жарысқа қатысып келе жатқан қазақстандық «Барыс» алдағы маусымда бақ сынай ма? Бұған байланысты команда басшылығы әзірге нақты жауап берген жоқ.

Естеріңізге сала кетелік, «Барыс» оқу-жаттығу жиынын шілде айының соңғы онкүндігінде бастауды жоспарлаған болатын. Дегенмен елімізде карантин шараларының күшейтілуіне байланысты ол белгісіз мерзімге кейінге шегерілді. Сондай-ақ, 7-11 тамыз күндері елордада ұйымдастырылуы жоспарланған Президент кубогы биыл өтпейтін болды.