ҚХР-дағы ҚР Елшісі: Қазақстанның БҰҰ ҚК-іне тұрақты емес мүше болып сайлануы - Н.Назарбаевтың халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі күш-жігерін тану

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚХР-дағы ҚР Елшісі: Қазақстанның БҰҰ ҚК-іне тұрақты емес мүше болып сайлануы - Н.Назарбаевтың халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі күш-жігерін тану. Бұл туралы ҚХР-дағы ҚР Елшісі Хахрат Нұрышев бүгін Бейжіңде өткізілген «Қазақстан: бейбітшілік, қауіпсіздік және даму жолымен 25 жыл» дөңгелек үстелінің барысында мәлім етті.
None
None

Қытай Халық Республикасындағы ҚР елшілігінде өткен «Қазақстан: бейбітшілік, қауіпсіздік және даму жолымен 25 жыл»дөңгелек үстелінің қатысушылары Президент  Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» үндеуін, БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында көтерілген Назарбаевтың ішкі саяси бастамаларын сондай-ақ әлемдік бейбітшілік, қауіпсіздік және дамуға Қазақстанның қосқан үлесін талқылады.

Шараға 50-ден астам адам - ҚХР қауіпсіздік және терроризммен күрес бойынша мемлекеттік комиссары Чэн Гопин, Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы (ШЫҰ) Рашид Алимов, ҚКП Орталық комитеті халықаралық бөлімі, ҚХР сыртқы істер министрлігі, ҚХР мемлекеттік кеңесі жанындағы Еуропа және Азия даму институты зерттеу және даму орталығы, Қытай заманауи халықаралық қатынастар академиясы, Қытай халықаралық мәселелер институты, Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясы, Ресей, Шығыс Еуропа, Орталық Азия институттары, Қытай шет елдермен достық қауымдастығы, Қытай достық қауымдастығы және дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.  

«Шараны бастамас бұрын жақсы жаңалықпен бөліссем деймін - Бейжің уақытымен түнгі бірде БҰҰ дауыс беру нәтижесінде Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланды», - деді қатысушыларға кіріспе  ҚХР-дағы ҚР елшісі Ш.Нұрышев. 

Ол Қазақстанда биыл тәуелсіздіктің 25 жылдығы екенін атап өтті. Ал 2017 жыл Қазақстанның Қытай және өзге де елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуына 25 жыл толумен басталмақ. Бұл жылдары Қазақстан ядролық қару таратпау, мәдениеттер, діндер мен өркениеттер диалогының белсенді жақтаушысы және үйрестірушісі ретінде әйгілі көшбасшыға айналды. Бүгінде Қазақстан әлемдік қауымдастықтың жауапты мүшесі және аймақтық, жаһандық мәселелерді шешуге барынша үлес қосуда. 

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес,  Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді маңызды халықаралық процестер жүзеге асты. Тәуелсіз мемлекеттер достастығын (ТМД), Шанхай ынтымақтастық ұйымын (ШЫҰ) және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын (ҰҚШҰ) нығайтуға үлес қосылуда. Еуразиялық экономикалық одақ құруға бастама көтерілді. Қазақстанда Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) және Ислам ынтымақтастық ұйымына (ИЫҰ) төрағалық етудің бірегей тәжірибесі бар.

«Қазақстан Республикасының 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын ҚР Президенті Н.Назарбаевтың ядросыз әлем құруға, жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға, мәдениеттер мен өркениеттер арасында сындарлы диалог орнатуға, конфессияаралық және ұлтаралық келісімді сақтауға және мемлекеттің жүйелі түрде әлеуметтік-экономикалық дамуына  күш салғанын әлемдік қауымдастықтың мойындауы деп бағалаймын», - деді елші.

Осы сәтті пайдалана отырып, Ш.Нұрышев Қазақстан кандидатурасын қолдап, дауыс берген барлық серіктес-мемлекет өкілдеріне алғыс білдірді. Аймақтық және жаһандық процесстер кешеніне еліміздің кең ауқымда қызығушылық білдіруі БҰҰ Қауіпсіздің Кеңесі алдында тұрған бірқатар халықаралық қауіпсіздік мәселелерін шешуге көмектеседі деп үміттенетінін айтты.

Ол Қазақстан Президентінің «Әлем. ХХІ ғасыр» үндеуінің мазмұны туралы, БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында көтерілген Н.Назарбаевтың ішкі саяси бастамалары туралы және әлемдік бейбітшілік, қауіпсіздік және дамуға Қазақстанның қосқан үлесі, мұқтаж елдерге көмегі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Қазақстандық журналистермен сұқбат кезінде Ш.Нұрышов дөңгелек үстел туралы өз әсерлерімен бөлісті«Біздің іс-шарамыз Нью-Йорк қаласында өткен сайлау қорытындысымен тұспа-тұс келді - Қазақстан 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды.Барлық Қытай сарапшылары, дипломатиялық корпус өкілдері құттықтауларын білдіріп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы үшін жасалған Қазақстан жұмысына жоғары баға берді. Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстан барша Орталық Азия атынан таныстырылып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясында ШЫҰ-ға мүше Қытай, Ресеймен тығыз жұмыс істейді деген үміттемін», деді елші.

Оның айтуынша, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше мәртебесі әлемдік қауіпсіздік мәселелерін шешуде Қазақстанға ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, ҰҚШҰ төрағалық тәжірибесін пайдалануға  бірегей мүмкіндік туғызып отыр. 

***

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылғы маусымның 28-і тәуелсіз Қазақстан үшін ел өміріндегі ерекше маңызды дата ретінде тарихта қалатыны анық. Қазақстан Республикасы Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде дауыс беруге қатысқандардың арасынан 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Ал қазақстандық өтінімнің жалғыз бәсекелесі - Таиланд Корольдігі үшін 50-ден астам мемлекет дауыс берген болатын.

Айта кетерлігі, 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің уақытша мүшесі болу жөніндегі бастама алғаш рет 2013 жылы Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне 20 жыл толуы қарсаңында көтерілген еді. Елбасының тапсырмасына орай, Қазақстанның БҰҰ құрылымдық бөлімшелерімен жемісті әрі тығыз қарым-қатынастары есепке алына келе, сондай-ақ, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы рөлі ескеріле отырып, мемлекет өз алдына БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретінде сайлану міндетін қойған болатын. Мұны Президент Н. Назарбаев: «Қазақстан Орталық Еуразиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың діңгегі болуға, бейбітшілікті орнықтыруда және халықтар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуде сенімді әріптес болуға ұмтылады. БҰҰ Қауіпсіздігінің тұрақты емес мүшесі болуға талпынудың негізінде де дәл осы мақсат жатыр», - деп атап өткен еді. Осы уақыттан бері қазақстандық дипломатия алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін жан-жақты әрі қызу жұмыстарға кірісті. Беделді Ұйымның құрылымына мүше болу үшін кемінде 193 мемлекеттің 129-ының сенімін алу керек болатын.

Ал мұндай мүшеліктен Қазақстан не ұтады дегенге келсек, бұл - ең алдымен, еліміздің халықаралық саяси аренадағы имиджін арттыруға септігін тигізеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бейбіт даму жолын таңдаған Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік бастамаларын әлемдік қауымдастық та мойындап келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік тұғырындағы тұңғыш шешімі - Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту туралы жарлық болды. 2009 жылы, Орталық Азияда Ядролық қарудан еркін аймақ құру туралы келісімге қол қойды. Осы бастамалардың өзі Қазақстанның беделін арттырып, халықаралық қауіпсіздік саласындағы тың бастамаларды одан әрі жүзеге асыруға жол ашты. Ядролық қауіпсіздік бағытындағы қазақстандық бастамалар елімізді сөзсіз көшбасшыға айналдырды. БҰҰ мүше мемлекеттерінің Қазақстан кандидатурасын жақтап дауыс беруі де соның айғағы. Елбасы Н. Назарбаевтың «Әлем.ХХІ ғасыр» манифесінің БҰҰ ресми құжаты ретінде тіркелуінің өзі де бұл жеңістің жолын жақындатқаны анық. 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған Қазақстан ендігі кездері осынау көшбасшылық  ұстанымын одан сайын белсенді түрде ілгерілететін болады. Яғни, Кеңеске мүшелікті Қазақстанның аймақтық қана емес, ғаламдық қауіпсіздікке қосқан үлесінің тиісінше бағалануы деп қараған жөн. Ал ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы аймақтың шиеленісті жағдайларына әлемдік қауымдастықтың назарын аударуға, мемлекеттің халықаралық бастамаларын іске асыруға, Астананың жаһандық мәселелерде маңызды рөл атқарып, «Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық факторы» ретінде Қазақстанның имиджін көтеруге себеп болмақ.

Тоқтала кететін жайт, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы соңғы рет 2014 жылдың 16 қазанында жаңартылып, 2015-2016 жылдардағы тұрақты емес мүшелері болып жаңадан 5 мемлекет: Ангола, Малайзия, Венесуэла, Жаңа Зеландия және Испания сайланған-ды. Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің жалпы саны - 15. Олардың бесеуі тұрақты: АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция. Ал қалған он тұрақты емес мүшесі БҰҰ Бас ассамблеясы арқылы сайланып отырады. Кеңестің тұрақты емес мүшелері екі жылдық мерзімге тағайындалады. Тұрақты емес мүшелерді сайлау өңірлік принциптер бойынша жүргізіледі. Мәселен, бұған дейінгі сайлауда өз кандидатураларын ұсынған Ангола, Венесуэла және Малайзия сол өңірлердегі бірден-бір үміткерлер болса, қалған екі орын үшін бәсеке қызу өтті. Дауыс берудің бірінші кезеңінде 145 дауыс жинаған Жаңа Зеландия Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына енді. Ал екінші кезеңде негізгі қарсыласы Түркиядан 60 дауыс артық жинап, 132 мемлекеттің сеніміне ие болған Испания ұйым мүшелігіне қабылданған болатын.

БҰҰ-ға мүше 193 елдің ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне бірнеше рет сайланған мемлекеттер де бар. Мәселен, Жапония мен Бразилия Кеңес құрамына тоғыз рет қабылданса, Үндістан алты, Германия үш мәрте мүше болған екен. Есесіне, Қауіпсіздік Кеңесі құрылған 1946 жылдан бері оның мүшелігіне мүлдем қабылданбаған 60 мемлекет бар. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жаңа тәуелсіз мемлекеттерден Украина, Белоруссия мен Әзербайжан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болды. Енді олардың қатарына Қазақстан да қосылып отыр. Айта кетейік, Қазақстан Азия елдері тобынан бұған дейін сайланған Малайзияны алмастыратын болады.

Соңғы жаңалықтар