ҚХР-дың Үрімші қаласындағы тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен және қаза тапқан адамдардың ішінде Қазақстан азаматтары жоқ - ҚР СІМ

АСТАНА. Шілденің 8-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің орталығы - Үрімшіде болған тәртіпсіздіктердің салдарынан зардап шеккен және қаза тапқан адамдардың ішінде Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы бүгін Астанада журналистерге ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев  мәлім  етті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

  «Біздің деректеріміз бойынша, қаза тапқан адамдардың ішінде қазақстандықтар жоқ. Бұл мәліметті ҚХР-дің Қазақстандағы   Елшілігінің қызметкерлері де бүгінгі болған кездесудің барысында растады. Сондай-ақ Қытай тарапынан Қазақстан азаматтарының медициналық мекемелерге көмекке жүгінгендері жөнінде де деректер жоқ», -  деді Е.Ашықбаев. Оның айтуынша, соңғы екі күнде Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға мыңнан астам адам оралған. Олардың 860-ы елге кеше көліктің барлық түрлерімен келсе, бүгін 120 адам төрт автобуспен келіп жетті. Бұл адамдардың көпшілігіне еліміздің дипломатиялық  корпустары тарапынан қажетті жәрдем көрсетілген. Дегенмен  Е. Ашықбаев Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде әлі де болса қазақстандықтардың қалып отырғанын атап көрсетті.

«Мынаған назар аударғым келеді: қиыншылықтарға қарамастан,  Қазақстанның бірқатар азаматтары елге оралудан бас тартып, сол жерде қалып отыр. Бұл жағдайдың қалыпқа түсіп келе жатқанын жанама айғақтайды», - деді  ол. Ресми өкіл Үрімшіде Қазақстанның қанша азаматы қалып отырғаны туралы нақты мәлімет жоқ екенін жеткізді. Оның айтуынша, Қытайда жүрген 80-ге тарта қазақстандық  азаматпен  байланыса алмай отырған олардың туған-туыстары Сыртқы істер министрлігіне  өтініш жасаған. Ол азаматтар туралы ақпараттар еліміздің Қытайдағы дипломатиялық корпусына берілген. Олар бұл  мәселелерді  пысықтауда.

 Е,Ашықбаев   ҚР Сыртқы істер министрлігі Үрімшідегі төлқұжат-визалық қызметімен тұрақты байланыс орнатып отырғанын, азаматтарға көмек көрсету үшін Қазақстанның  Бейжіңдегі елшілігінің  консулы  оқиға  орнына  аттанып  кеткенін  айтты.

Соңғы жаңалықтар