18:44, 19 Қаңтар 2015 | GMT +5
ҚХР Елшісі: Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын мерекелеу - Қазақстан халқы үшін ерекше оқиға
АСТАНА. ҚазАқпарат - 19 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Ханьхуэйді оның өтініші бойынша қабылдады.
Кездесуде екі елдің өзара қатынастары мен парламентаралық байланыстарын кеңейту мәселелері талқыланды.
ҚХР Елшісі Қытай Қазақстанды ауқымды салалар бойынша стратегиялық әріптес деп санайтынын айта келіп, екі ел арасында гуманитарлық ынтымақтастықты белсенді қолдау жөніндегі пікірін білдірді.
Ч.Ханьхуэй Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының жаңа экономикалық саясаты жария етілген «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауының ерекше маңызын атап өтті.
Сонымен қатар ҚХР Елшісі Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын мерекелеудің маңызын атап өте келіп, оны Қазақстан халқы үшін ерекше оқиға ретінде санайтынын жеткізді.
Кездесу барысында халықаралық ынтымақтастықтың бірқатар мәселелері де талқыланды.