Киану Ривздің ұрланған Rolex сағаты Чилиден табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр Лос-Анжелесте ұрланған «Джон Уик» фильмінің актері Киану Ривзге тиесілі Rolex сағаты Чилиден табылды, деп жазады NBC News.

Оңтүстік Америка билігі шығыс Сантьягодағы ірі тонау фактілерін тергеу барысында зергерлік бұйымдар мен бағалы сағаттар тәркіленгенін айтты.
Ұрланған заттардың арасында 2023 жылдың желтоқсанында Лос-Анжелесте қолды болған танымал актердің сағаты болған.
Фотосуреттердің ішінде Rolex сағаты бар. Сағаттың артқы жағында «THE JOHN WICK FIVE. KEANU THANK YOU JW4 2021» деп жазылған.
Полиция Rolex сағатының 60 жастағы К.Ривзге тиесілі екенін растады. Қазіргі уақытта Чили полициясы Лос-Анжелестегі америкалық әріптестерімен бірге ұрланған сағатты иесіне қайтару үшін жұмыс істеп жатыр.
Лос-Анжелес полициясы Киану Ривздің Лос-Анжелестегі үйін тонау фактісі бойынша тергеу жалғасып жатқанын және ешқандай жаңа фактілер хабарланбағанын айтты.
Айта кетейік, Ривз бірнеше жыл бойы Голливудтың жетекші актері болды. Ол әсіресе көпшілікке «Джон Уик» және «Матрица» фильмдерімен танымал.