Киберқауіпсіздік балалар үшін өте маңызды – қызылордалық маман

None
Фото: Қызылорда университеті
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Жақында Қызылордада өткен ІТ бағытындағы «Innofest-2022» конкурсының жеңімпазы София Темірболат тұңғыш рет комикс форматында кітап шығарды. Ол конкурстан ұтып алған 500 мың теңгеге өз идеясын іске асырып, виртуалды ортамен қауіпсіз байланыс дағдысын дамытатын «Cyber City хикаялары» кітабын жазып шықты. Жаңа кітап оқушыларға цифрлық қауіпсіздікті түсіндіреді. Оны қызықты қысқа комикс əңгімелер арқылы жеткізеді. Олардың технологиялық жəне дүниетанымдық салалар бойынша білімін қалыптастырады. ҚазАқпарат тілшісі кітапты дайындап шығарған Қызылорда университетінің информатика мамандығының магистранты София Темірболатпен аталған тақырыпқа байланысты ой бөліскен еді.

- Өзің дайындап шығарған кітаптың қандай маңызы бар? Оның жас өрендерге қандай пайдасы тиеді?

- Комикс кітабында балалардың интернеттегі қауіпсіздік ережесі жөнінде жан-жақты қамтылған. Олардың жаңа терминдерден хабардар болуына, ақпараттық мəдениетті жетілдіруге көмектеседі. Енді келешекте басқа да бөлімдерін жазу ойымда бар. Келешекте кітапты әрі қарай дамытуды көздеп отырмын.

Кітаптың тұсаукесерінде Қорқыт ата университетінің экономика және құқық институтының директоры Нұрлан Құлмырзаев мұндай дүниелердің гаджеттерге әуес альфа ұрпақ балаларға интернеттегі киберқауіпсіздік пен ақпараттық гигиенаны сақтауға мүмкіндік беретінін айтып өтті. Жаңа кітаптың тұсаукесерінде мен ерекше қажеттілігі бар балаларға кітапты сыйға тарттым.

Әзірге кітап 500 данамен шығарылды. Ол қала мектептеріне тегін таратылады. Кибергигиена ересектер үшін ғана емес, балалар үшін де маңызды. Өйткені олар интернетте көп уақыт өткізеді. Желідегі жас пайдаланушылардың көпшілігінде киберқауіпсіздік саласында қажетті білім мен дағдылар жоқ.


- Жобаны дайындау барысында қандай бағдарлама мен зерттеулерге назар аударылды?

- Жоба - Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының арнайы «Қауіпсіз интернет», «Кибербуллинг – ол не және оны қалай тоқтату қажет?» кибербуллингке қарсы бағдарламасы мен зерттеулері аясында жасалған. Кітап арқылы балалар қауіпсіз киберкеңістікті оқып, цифрлық иллюстрациялар мен комикстерді кәсіби оқуға мүмкіндік алады.

Еңбекте шетелдік мамандардың пікірі мен зерттеулерін негізге ала отырып, 10 бөлімнен тұратын кітаптар сериясы әзірленді. Комиксті құрастыру үшін жапон, корей, Еуропа елдерінің суретшілерінен дәріс алып, шеберлігімді шыңдадым.

- Виртуалды әлеммен қауіпсіз байланыс дағдысын дамытуға қанша жастан бастап назар аударған жөн?

- Айта кетсек, виртуалды ортамен қауіпсіз байланыс дағдысын дамыту мүмкіндігінше ертерек басталуы керек. Комикс кітабы балаларды жан-жақты ақпараттық технологиялардың мүмкіндігімен таныстырып қана қоймады. Танымдық бағыт бойынша оқушының интернеттегі қауіпсіздік ережесімен, жаңа терминдерден хабардар болуына, ақпараттық мəдениетті жетілдіруге көмектеседі.


Комикс кітабы балаларда киберэмоционалды интеллект қалыптастырады. Практикалық бағыт бойынша компьютерлік сауаттылығын арттыра алады. Кітаптың маңыздылығы - балалардың цифрлық қауіпсіздікті қызықты қысқа комикс əңгімелер арқылы меңгерте отырып, олардың технологиялық жəне дүниетанымдық салалар бойынша білімін қалыптастырады.

Əрбір əңгіме соңында балалар комиксте көрсетілген тақырыпқа сəйкес белгілі бір білім қорына, біліктілікке ие болады. Комикс кітабы балалардың жас ерекшеліктері мен олардың ақпараттық технологиялар бойынша білімінің қалыптасу деңгейін ескере отырып жасалған. Ол бастауыш сынып оқушыларына, информатика пəнін оқытуда қосымша оқу кұралы ретінде ұсынылған.

- Аталған кітапта балаларға қандай кеңестер айтылған?

- Мәселен, кітапта балаларға телефонды үнемі пайдалану денсаулыққа зиянды екеніне назар аударамын. Мәселен, зерттеулерге сүйенсек, телефонды күніне 30-40 минуттан артық пайдалану ақыл-ой дамуына кері әсер етеді. Оған қоса көздің көру қабілеті де нашарлауына алып келеді. Сондай-ақ, ата-ана рұқсатынсыз ойындарды, қосымшаларды телефонға орнатуға болмайды. Өйткені, кейбір онлайн ойындар қауіпті болуы мүмкін. Ата-анаңнан қолданбалар мен ойындарды пайдалануға уақыт шектеуін қоюды сұраған артық емес.


Осылайша сен өз бос уақытыңды тиімді пайдалануға әбден болады. Мысалы, сүйікті хоббиің, кітап оқу, спортпен шұғылдануға уақыт табылады. Бос уақытты тиімді пайдалану үшін жоспар құрған артық емес. Бір күнге, аптаға, айға жоспар құру - балалардың бірде бір минутын босқа кетірмеуге көмектеседі.

- Сондай-ақ, кейбір жағдайда интернетті пайдалану барысында балаларды пайдалы істермен айналысуға тартуға болады ғой. Оған көзқарасың қалай?

- Иә, қазір түрлі әлеуметтік желілер бар. Аталған әлеуметтік желілерде түрлі дүниелер жарияланып жатады. Десе де өзің дайындайтын дүниенің маңызды және сапалы екеніне назар аударған артық емес. Мәселен, балалар бейнеөнімді түсіруді және оларды әлеуметтік желіге жүктеуді ұнатса, басқаларға қандай пайдасы бар екеніне назар аударғаны дұрыс. Мысалы, білім беру арнасы пәндер бойынша тапсырманы қалай шешуге болады. Ағылшын тіліндегі тапсырманы қалай тез үйреніп жаттауға мүмкіндік бар. Оған қоса қолөнермен айналысу, пайдалы кеңестер тағы басқа арналарды ашу өте қызықты.

- Әңгімеңізге рақмет.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тағам нысандарын бақылау мен қадағалау бөлімінің басшысы Меруерт Битасова ҚазАқпарат тілшісіне тағам дайындауда қатаң талап сақталуы тиіс екені жөнінде әңгімелеп берді.

«Рас, кейбір жағдайда тамақтан улану адам денсаулығына зақым келтіруі әбден мүмкін. Айта кетсек, ауру тасымалдағыш микроағзалар азық-түлік арқылы тез таралады. Сондықтан мейрамхана, кафе, асхананың кез келген қызметкері келушілерге зиян тигізбес үшін санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды толық орындауы тиіс.

Тағамнан уланудың топтық жағдайы негізінен тамақ дайындау технологиялық процесінің бұзылуынан туындайды. Ол тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы міндетті талаптардың сақталмауы салдарынан болады.Мұндай жағдайдың қауп ін болдырмау және қауіп дәрежесін азайту үшін қарапайым, тиімді ережелерді сақтауды ұсынамыз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар