Киіктің бойындағы қауіпті дертті қоздырған не?

АСТАНА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 80-ші жылдардан бері киіктердің жаппай қырылуы биыл қайталану қалың жұртшылықты алаңдатып отырғаны белгілі. Осыған байланысты бұл мәселенің мән-жайынан хабардар әрі таяу күндері ғана індет ошағында болып қайтқан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген еді.
None
None


- Ерлан Нұралыұлы, осы оқиға бойынша жағдайды сипаттап берсеңіз?

- Мамырдың 18-інде таңертең Батыс Қазақстан облысы аймақтық инспекциясының бастығынан Жәнібек ауданы аумағында өлген киіктер анықталғаны туралы мәлімет түсті. Мамырдың 19-ында комиссия құрылып, оның құрамына денсаулық сақтау, білім беру, төтенше жағдайлар, ішкі істердің, ҰҚК-ның, әкімдіктің, ауыл шаруашылығы ведомстволарының аймақтық өкілдері кірді. Комиссия құрамы киіктер жаппай қырылған ошақ орнына жіберілді. Сол күні жаппай қырылу анықталды. Мамырдың 21-інде киіктердің өлуі тоқтады. Сол күні жарияланған мәлімет бойынша 11 мың 900 бас өлген ақбөкен тіркелді. Таяу күндері сол аумақта байқалмай қалған қосымша 20 басты таптық. Ең бастысы жаппай қырылу бір жерде ғана болды. Оның аумағына тоқталатын болсақ, ұзындығы 10-12 шақырым, ені 3,5 шақырымға созылып жатыр. Осыған байланысты топырақтың, ауаның құрамы зерттеуге жіберілді. Атап айтқанда бүгінде киік өліміне пастереллез себеп болғанын сенімді түрде мәлімдей аламыз. Яғни, осы індет бойынша қарынның кебуі, жануардың тышқақтауы, ауыздан аққан көбік пастереллездің белгілері болып табылады. Бүгінде осы оқиғаға қатысты көп адамдар өздерінің пікірлерін айтып жатыр. Алайда, бұл -пастереллез. Біз сараптамалық шаралар жүргізу кезінде бұған дейінгі фактілерді де ескердік. Атап айтқанда киіктердің жаппай қырылуы 1981, 1984, 1988 жылдары тіркелді. 1988 жылы пастереллезден 434 мың бас ақбөкен өлді. Ол кезде бізде киіктердің саны 1 миллион 400 мың болатын.

- Сонда бұл індет киіктерге қалай жұққан?

- Киік пастереллез вирусын тасымалдаушы болып табылады. Бүгінде бізді ақбөкеннің бұл індетті жұқтыру ошағынан гөрі, бұл вирустың киіктің ағзасында қозуына не әсер етті деген мәселе алаңдатып отыр. Ең бастысы 80-ші жылдар мен бүгіндегі хронология өзара ұқсас. 1988 жылы жаппай қырылу мамырдың 14-22 аралығында болды, ал биылғы жылы 18-21 кезінде тіркелді. Яғни, үш күннің ішінде 11 мың 920 бас ақбөкеннен айырылып қалдық. Өткен аптада тиісті министрлік өкілдерінен құралған комиссия қырылу ошағына барып, тазарту жұмыстарын қадағалап қайтты. Осыған байланысты ошақ орнында тиісті шаралардың барлығы нормаға сәйкес жүргізілді.

- Жергілікті тұрғындар киіктер үйірі жайылған аумақтағы қалың тұман жайлы айтып жатыр. Улану фактісі жоққа шығарылып отыр ма?

- Ия, сол күні болған тұман жайлы көбі айтып жүр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мамырдың 15-17-сі аралығында сол аумақ тұманға оранған көрінеді. Дегенмен де бұл фактіге назар аудармай қоймауға болмайды, алайда барлық талдаулардың нәтижесіне қарағанда радиация немесе басқа да улайтын заттар анықталған жоқ.

Атап айтқанда киіктер постереллездің тасымалдаушы болғандықтан бұрынғы фактілер бұл індет бар екенін көрсетіп отыр. Ең өкініштісі, індеттің үдерісі өте жылдам, яғни 1-ден 5 сағат ішінде өршіп, жануар өледі. Аурудың осыншама қысқа уақытта өршуі емдеуге мүмкіндік бермейді. Оның нәтижесі өлім-жітімге әкеледі. Ресейлік ғалымдар Астрахан облысында асыранды жағдайдағы киіктерге бақылау жүргізген. Онда олар пастереллез ауруының өтуі барысын зерттеді. Ғалымдардың тұжырымына қарағанда, табиғатынан киіктер пастереллездің тасымалдаушысы болып табылады. Алайда бұл індеттің қозуы сирек кездессе де, оның нәтижесі популяцияға орасан зиян келтіреді. Яғни, бақылау кезінде асыранды киіктердің өзі індет кезінде 100 пайызға қырылған.

- Келтірілген шығынның сомасы есіптелді ме?

- Келтірілген шығын қазіргі кезде есептеліп жатыр. Ең бастысы бүгінде жаппай қырылудың басқа фактілері тіркелген жоқ. Қазір киіктердің популяциясы бар барлық өңірлерде мониторинг жүргізілуде. Күн сайын бізге мәлімет түсіп отырады.

- Аурудың ошағындағы аумақта адамдарға және басқа да жануарларға қатер туындап отырған жоқ па?

- Індет адамға қауіп тудырып отырған жоқ. 6 бас ірі қараға пастереллез жұққан. Комиссия мүшелері бұл фактілерді тіркеді.

- Ерлан Нұралыұлы енді бұл індеттің таралмауына тиісті шаралар қабылданатын шығар?

- 1988 жылғы және биылғы жаппай қырылуға байланысты кейбір сұрақтарға әлі де жауап табылған жоқ. Біреулер улану әсер етті деп жатса, кейбіреулері ағзаның әлсіреуі мен қыстың қатты болуы аурудың қозуына ықпал етті деген тұжырымды алға тартып отыр. Келтірілген фактілерге сүйенсек, қыс қатты болған жылдары киіктің аналықтары өте әлсіз шығатыны айтылған. Төлдегеннен кейін олардың иммундық жүйесі мүлдем әлсіреп кетеді. Осы уақыттарда жануардың ағзасының індетке төтеп беруі қиындайды. Менің пікірімше, суық әрі қыстық ұзақ болуы ауруға әсер етті. Биыл қыс ұзақ болды ғой. Біз індет ошағына барған кезде де күн суық болды. Осы тұрғыда ғалымдар қыстың ауырлығы жайындағы нұсқаны келтіріп отыр.

- Қазақстан аумағындағы ақбөкендер тарамдалысының (популяциясының) жағдайы қалай?

- Қазақстанда ақбөкендердің үш тарамдалысы бар. Атап айтқанда Бетпақдала, Үстірт және соңғысы Батыс Қазақстанды мекендейтін киіктер. Бізде аман-есен көбейіп келе жатқан Бетпақдала ақбөкендері. Себебі, бұл ішкі тарамдалыс болғандықтан, яғни киіктердің Қазақстан аумағында ғана жайылуы олардың өсуіне қолайлы болып тұр. Батыс аумағындағы киіктер Ресеймен шекараласады. Киіктердің білгілі бір бөлігі жазғы мезгілде Ресей аумағында жайылады. Алайда, негізгі бөлігі Батыс Қазақстан облысында қалады. Биылғы жылғы қаңтардың 1-інде батыс популяциясының саны 26 мың 600 басты құрады. Ағымдағы жылдың наурыз-сәуір айларында осы өңір киіктері санаққа алынды. Болжам бойынша бұл аймақ киіктері 33-34 мыңға жетуі тиіс еді. Өкінішке қарай, жақында болған жаппай қырылу, жалпы санға кері әсер етіп отыр.

Қаңтардың 1-індегі мәлімет бойынша елімізде жалпы 81 мың ақбөкен болды. Уақыт өте келе тиісті жағдайларды жасау арқылы киіктердің санын қалпына келтіреміз деген ойдамын. Атап айтқанда соңғы жылдары киіктің толыққанды көбейюі басталды. Себебі, бұған дейін киіктердің аталықтары аз болды. Яғни, мүйіз жинайтындар аталықтарды қырып тастаған. Тек, 2008-2009 жылдары ғана текелердің саны тиісті деңгейге жетті.

- 2021 жылға дейін киіктерді аулауға тыйым салынады деген ақпар пайда болды. Киіктерді аулауға бүгінде де қатаң тыйым салынған еді ғой?

- Негізі бұл тыйым салу іс-қимылдары 2011 жылға дейін белгіленген болатын. Атап айтқанда киікті аулауға тыйым салуды ұзартатынымыз сөзсіз. Себебі, бүгіндегі киіктің санын ескерсек, бұл жануарға аңшылыққа шығу деген артық болар.

- Өзбекстанмен шекаралас жайылатын Үстірт ақбөкендерінің өсуі қарқыны қалай?

- Бүгінде бұл популяцияның өсуі қарқыны нашар деп бағалауға болады. Өкінішке қарай, осындағы киік санының артуы жыл сайын болмашы ғана. Атап айтқанда Өзбекстан аумағында оларды қорғау шаралары тиісті деңгейде емес. Жақында осы елмен киіктерді қорғау жөнінде үкіметаралық келісімге қол қойылды. Қазір бұл құжатты бекіту тұрғысындағы үдерістер аяқталуда. Менің ойымша, бұл іске қосылғаннан кейін Өзбекстан тарапы қорғау шараларын қолға алады. Маңғыстау облысынан киіктер Қарақалпақстанға жайылып кіреді. Сол жердің халқы ақбөкендерді күтіп отырады. Өйткені, бұл жерде киіктің еті азық-түліктің қосымша көзі ретінде қаралады. Ал Ресей аумағында жайылатын Батыс Қазақстан киіктерін қорғау бойынша шаралар ретке келтірілген.

- Жалпы браконьерлермен күрес қалай жүрі жатыр?

- Киіктерді күзету шараларын «Охотзоопром» РМҚК жүзеге асырады. Олар өз қызметтерін кәсіби деңгейде атқарып жатыр деуге болады. Бұл мекеме жер үсті және әуе техникаларымен жабдықталған. Киіктер күніне 100 шақырымға дейін шарлайды. Осыған сәйкес, оларды әуеден бақылау ыңғайлы. Осы бөлімшенің сапалы жұмысының арқасында киіктерді көбейту бойынша жақсы деңгейге шықтық. Ақбөкендер санының өсуіне байланысты, кейбір жерлерде браконьерлік фактілер арта бастады. Алайда, бұрынғыдай киікті қырып аулаудан ел азаматтары сескенетін болды. Жұртшылық киікке аңға шығу даулы мәселе екенін түсінді. Айта кетейік, 2006 жылы киіктерді заңсыз аулаудың 106 фактісі тіркелді. 2009 жылы 92, ал биылғы мамырдың 20-ындағы мәлімет бойынша 45 бас киік заңсыз ауланған.

Осыған байланысты ақбөкендерді бақылау үшін Бетпақдаланың киіктеріне 20, Үстірттікіне 5 арнайы чиптерді орнаттық. Осы арқылы олардың миграция жолдарын қадағалау оңайға түседі.

- Ал заңнамалық тұрғыда қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

- Биылғы жылы жануарларды қорғау бойынша заң жобасын әзірлеп жатырмыз. Онда аңды заңсыз аулау мен басқа да заң бұзушылықтарға қатысты жазалау күшейтілді. Енді атылған киікпен ұсталған азаматтың заңнама аясында мүлкі тәркіленеді. Атап айтқанда бүгінде жазық далада киікті аулауға шығатындар негізінен жаңа техникамен жабдықталған адамдар. Кейде олардың жүйткіген көліктері біздің инспекторларға жеткізбей кетеді. Сондықтан заңнамалық деңгейде қатаң шаралар өте қажет болып тұр. Егер ол қабылданса, оң нәтижелерге қол жеткізетініміз сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар