Киіктің мүйізін заңсыз сақтаған екі атыраулық сотталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Киік мүйізін заңсыз сақтаған екі атыраулық сотталды. Олардан 6 млрд теңге залал өндіріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Атырау қаласының №2 сотында киік мүйізін заңсыз иемденіп, сақтап, тасымалдағаны үшін екі күдіктіге қылмыстық іс қаралды. Күдіктілерге ҚР Қылмыстық кодекстің 339-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен айып тағылған.

«Биылғы 2 наурызда К. және З. өлі күйде жатқан киіктердің 2 мыңнан астам мүйізін кесіп алған. Кейін К.-ның Атырау қаласындағы тұрғылықты мекенжайына әкеліп, заңсыз сақтаған. Ал 4 наурызда К.-ның үйін тінту кезінде жоғарыда көрсетілген киік мүйіздері табылған. Күдіктілер қылмыстық әрекеттерімен мемлекетке 6 млрд теңгеден астам мөлшерде аса ірі залал келтірген», - деп №2 соттың баспасөз қызметі.

Сотталушылардың кінәсі тінту хаттамасымен, заттай дәлелдемелермен, бейнежазбалармен, сот-биологиялық және тауартану сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденген.

Прокурор сотталушы К.-ға 8 жыл, ал, З.-ға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Сот К. және З.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп таныды.

«К.-ға 7 жыл, З.-ға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушылардан ортақ үлесте мемлекет пайдасына 6 млрд теңгеден астам мөлшерде залал өндіріледі», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда тұрғын үйден 2,5 мыңға жуық ақбөкен мүйізі тәркіленгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар
Референдум