Киік бизнесін жандандырып, өндіріс цехтарын ашу ұсынылды

киік
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Былтыр Экология министрлігі киікті атуға рұқсат берген болатын. Алайда соңғы уақытта жануарды заңсыз ату фактілері жиілеп кетті. «Азық-түлік қауіпсіздігі» атты қазақ шаруаларының құрылтайының секциялық отырысында бұл мәселе жан-жақты талқыланды.

Кәсіби аңшы, кәсіпкер Батыр Сейкенов киік санын реттеу жұмыстары кеш қолға алынғанын айтты.

– Ақбөкен аса өсімтал жануар. Өмірінде 6 рет төлдейді. Мамырда туған құралайлар желтоқсанда текеден қашады. Алғашқы жылы біреуден, келесі жылы екеу-үшеуден лақтайды. Ал енді ақбөкендер соңғы жылдары қалайша шамадан тыс көбейді? Оған ешкім талдау жасаған жоқ, оның қалай жасалатынын қазір ешкім білмейді де. Жануарды реттеу жұмыстары ерте қолға алынуы керек еді. Көбеюдің кесірі құрғақшылықтан зардап шегіп отырған халыққа әсер етіп, киіктер мал жайылымына ортақтасып, шабындықты таптап, егінге түсе бастады. Тығырыққа тірелген жауапты органдар жүйелі бағдарлама әзірлеуге үлгермей, атуға рұқсат берді, – дейді Б.Сейкенов.

Ол жергілікті тұрғындарға лицензия беріп, өндіріс цехтарын ашып, екі қолға бір күрек таба алмай отырған азаматтарды жұмыспен қамту маңызды екенін атап өтті.

– Ел етін азық қылып, мүйізі мен терісін сатып, пайда тапсын. Бизнестің көзіне айналсын. Ол үшін бұл мәселе әбден зерттеліп-зерделеніп, ғалымдар жұмыс істеуі керек. Ет пен мүйізді, жануардың терісін кәдеге асыру үшін өндіріс ашу керек. Оған арнайы тоңазытқыш, етін мүшелеп бөлетін арнайы сою цехтары қажет. Киіктің етінің ең өтімді мүшесі артқы саны мен белдемесі ғой. Қалғанын өңдейтін өндіріс ашу керек. Оны ешкім білмейді. Білетін мамандар керек, - дейді кәсіпкер.

Айта кетейік, «Азық-түлік қауіпсіздігі» атты қазақ шаруаларының құрылтайының секциялық отырысында мал, өсімдік, омарта шаруашылықтары, ветеринарлық реформа, жер дауы, су және ирригация сияқты мәселелер талқыланды.

Соңғы жаңалықтар