Киіктің 20 пайызын пайдалансақ, тек етінен $2,5 млрд табыс табуға болады — ғалым
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінде киік популяциясына қатысты тақырыпты талқылау кезінде киіктерді жартылай бостандықта өсіру технологиясын енгізу ұсынылды.

Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген отырысында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылым жөніндегі проректоры, биология ғылымдарының докторы Әлжан Шәмшідін киікке қатысты жасалған зерттеулер жөнінде түсінік берді.
— Ең негізгі зерттеулерімізге тоқталсақ, 2023 жылы Ғылым министрлігінің гранты бойынша тиісті жұмыс атқарылды. Осы орайда паразиттік арулар зерттелді. Moniezia expanza қоздырғышы 63,34% киіктен шықты, яғни осы зерттеу даладағы киіктерге қатысты жасалды. Сонымен қатар, echinococcus granulosus larvae қоздырғышы 16,66 пайызында, сoenurus cerebralis — 18%, nematodirus spathiger 64 пайызында кездесті. Бұл нені білдіреді? Паразитарлық аурулардың қоздырғыштары бар екенін байқатып отыр. 4 млн киік еліміздің Батыс Қазақстан өңірінде жайылып жүрсе, алдағы қыста не болады? Даладағы киіктің табиғи өлімі 16-25 пайыз аралығында. 4 млн киіктің 20 пайызы өлсе, көктемде 800 мың киік өлексесін қалай жинастырамыз? Бұл өз кезегінде түрлі аурулардың ошағына айналуы мүмкін. Аталған мәселені ескере отырып, Үкіметке киікті тұрақты пайдалануды (етін, терісін) ұсынғымыз келеді. Өйткені қазір қолға алмасақ, ертең бой бермей кетеді, — деді ғалым.
Оның айтуынша, киіктерді жартылай бостандықта өсіру технологиясын енгізу керек.
— Егер 4-5 млн киіктің жыл сайын 20 пайызын пайдалануға берсек, тек еттің өзінен 2,5 млрд АҚШ долларына жуық табыс алуға болады. Ал ішегі мен өзге де ішкі өнімдерінен 1 млрд доллар табыс түседі. Сонымен қатар, фармацевтикалық бағытта да зор мүмкіндік бар, — деді Әлжан Шәмшідін.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген отырысында киіктің егіс алқаптары мен шабындықтарды таптап кетуінен Батыс Қазақстан және Ақмола облысының фермерлері мен ауыл тұрғындары зардап шегіп жатқаны айтылды.