Киік өрісімен шектесетін шаруашылық жер телімдерінің шекарасы қайта белгіленуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта киік санын реттеудің негізгі қағидаттары айқындалғанын мәлім етті.

сайгак
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Киік vs фермер

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайда Үкіметке киік санын реттеу мәселесін қайта зерделеуді тапсырған болатын. Экология және табиғи ресурстар министрлігі үшін жалғыз жұттың немесе індеттің кесірінен саны күрт төмендей салатын ерекше жануардың санын қазіргі деңгейде ұстап тұру маңызды болса, Ауыл шаруашылығы министрлігіне шаруалардың киік тіршілігінен зиян шекпегені маңызды. Адам тарапынан қатыгездік артып, ату жиілесе, киіктердің көрші елдерге ауып кету қаупі тағы бар.

сайгаки киіктер
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Экология министрлігінің ұстанымы қандай?

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мамандары осы тәуекелдердің бәрін ескере келіп, киік өрістерін картаға түсірмек. Осы карта негізінде киік популяциясының аумағында жатқан шаруашылық телімдердің шекарасын қайта белгілеу мәселесін зерделеп көреді.

— Иә, мұндай тәсіл тиімді және жанжалсыз шешімдердің бірі ретінде қарастырылып отыр. Қазіргі уақытта Зоология институты 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру шеңберінде киік популяциясын сақтау және оны тұрақты пайдаланудың ғылыми негізделген жүйесін әзірлеу бағытында зерттеулер жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстар аясында киік миграциялық дәліздері картаға түсіріліп, олардың экожүйелік рөлі мен жер пайдалану құрылымымен өзара байланысы зерттеледі, — деп жазады ведомство өкілдері.

Бұл ғылыми зерттеулердің қорытындысы болашақта мынадай реттеу тетіктерін қарастыра алады:

  • Киік дәліздерін сақтап қалу мақсатында уақытша немесе тұрақты ашық учаскелер қалдыру;
  • Дәлізге түскен ауыл шаруашылығы жерлерін эквивалентті жайылым немесе шабындықпен ауыстыру;
  • Шаруа қожалықтарына қоршау жүйесін орнатуға (топсалы тор, тіреуіштер) субсидиялар ұсыну;
  • Жер комиссияларына Министрліктің аумақтық өкілдерін қосу арқылы киік миграциясына үйлестірілген шешімдер қабылдау.

— Бұл шаралар фермерлердің өндірістік мүддесіне нұқсан келтірмей, сонымен қатар киік популяциясының табиғи миграциясын қамтамасыз етуге бағытталған, — деп жазылған ресми жауапта.

киік
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

АШМ не ұсынады?

— Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сәйкес жер учаскесі меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен, не соттың шешімі бойынша мүлікті баламалы өтеу шартымен айрықша жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылуы мүмкін, — деп жазады министрлік мамандары.

Сондай-ақ жауапта киік өрісі ерекше қорғалатын аумаққа жатпаса, кез келген уақытта шаруашылық мақсат берілуі мүмкін екені айтылған.

— Ақбөкендердің көші-қоны ауқымында ауыл шаруашылығы өндірісі үшін жер учаскелерін беруге және кеңейтуге мораторий енгізу осы аумақтар ерекше қорғалатын аумақтарға бекітіліп берілген жағдайда ғана мүмкін болады, — деп жазылған ведомство жауабында.

Ал бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында киік санын реттеу арнайы қаумалда ұстау немесе ату арқылы ұйымдастырылуы мүмкін екенін айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар