Киік санын қалай реттеуге болады – ғалым пікірі

ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақстанда киік мәселесі көпшіліктің назарын аударып келе жатқаны мәлім. Мұны шешудің жолдары қандай? Осы орайда Kazinform Аграрлық инновациялық-технологиялық паркінің директоры, PhD, Ұлттық аграрлық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Дархан Смағұловпен сұхбаттасқан еді.

ғалым
Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

— Дархан Бақытбекұлы, соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында киіктердің саны шектен тыс өскені белгілі. Сіздің ойыңызша, осыны реттеу жолдары қандай?

— Киік (латынша — saiga tatarica) — сонау мамонттар мен жүнді мүйізтұмсықтардың фаунасы жер бетінде мекендеген дәуірінен бері күллі Еуразия құрлығына таралған сүтқоректілер класының жұптұяқтылар отрядындағы күйіс қайыратындар тармағына жататын қуысмүйізділер тұқымдасының ежелгі өкілі.

Қазақстанда, Өзбекстанда (Қарақалпақстан аумағы), жылдың кейбір мезгілінде Түркіменстанда, Ресейде (Қалмақия мен Астрахан облысында) және Моңғолияның батыс бөлігінде, яғни шөлейт, құмайт, құрғақ дала экожүйелерін миграциялау арқылы мекендейді. 

Қазақстанда киіктің жеке үш популяциясы (Бетпақдала, Орал, Үстірт) болса, оның басым бөлігі Батыс Қазақстан облысында шоғырланған. Сондықтан Еділ-Жайық аралығын ақбөкендердің тарихи отаны деуге болады, ал оның саны белгілі бір табиғи-климаттық, иә болмаса басқа да паратиптік факторларға байланысты бірде көбейіп, кейде азайып та отыруы әбден мүмкін.

Соңғы 15 жылдағы мәліметтерді ескеретін болсақ, 2010 жылы киіктің саны айтарлықтай азайып, небәрі 39 мың бас болған, оның өзі бір жыл ішінде 120 пайызға дейін төмендеп, шамамен 17,7 мың бас қана қалған. Сол уақыттан бастап үкімет тарапынан және бұл мәселеде белсенділік танытып жүрген басқа мекемелердің қолдауымен сақтау шаралары қолға алынды. Бастысы, жалпы жер көлемі 343 040 га «Бөкейорда» табиғи резерваты мен 314 504 га аумаққа орналасқан «Ащыөзек» табиғи қорықшасы ұйымдастырылып, киіктердің табиғи жауы саналатын қасқырларды аулап ату мен браконьерлікпен күрес шаралары айтарлықтай нәтиже берді.

киіктер
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Кейіннен жыл сайын орташа есеппен 35 пайызға дейін өсім байқалған, ол, әрине, жануарлардың биологиялық ерекшеліктеріне, яғни қалыпты көбею көрсеткішіне де байланысты. Бірақ 2019 жылғы әуе санағы қорытындысы бойынша 217 мың бас тіркелсе, 2021 жылы бірден 1,5 есеге көбейіп, жыл соңында 545 мың дараққа жеткен. Ресми ақпараттарға сүйенсек — шамалы түсініксіз жағдай, бірақ кейбір деректер бойынша, ол әскери полигонға тиесілі жерлерде шоғырланып, есепсіз жүрген дарақтардың қосындысы, себебі санақ жүргізген кездерде ондай аймақтар бақылауға кірмейді.

Соңғы жылдардағы су тапшылығының салдарынан ақбөкеннің Орал популяциясының Бөкей Ордасындағы Нарын құмында, Жаңғала ауданындағы Қамыс-Самар жайылмасында және Капустин Яр әскери сынақ алаңына қарасты жерлерде мекендейтін тармақтары өзендердің ағысымен жоғарылап, облысымыздың солтүстігіне қарай, онымен қоса көршілес Атырау (Құрманғазы ауданы), тіпті Ресей Федерациясының Саратов, Волгоград, Астрахан облыстарына қарай миграциялауға мәжбүрлі.

Егер де Орал популяциясының ақбөкендерін тұрақты реттейтін болсақ, онда ең алдымен осы жағдайды ескеру қажет, яғни тарихи ареалы болып табылатын аймақтардағы су тапшылығын әрі соның салдарынан туындайтын құрғақшылықты болдыртпау. Жәнібек суару-суландыру жүйесін реконструкциялау және киіктердің Бөкейдегі ареалында орналасқан су қоймаларын сол арқылы толтыру. Осы орайда Мұқыр, Көшім, Қараөзен мен Сарыөзеннің атыраулары мен сағалары болып табылатын Жаңақала ауданындағы Қамыс-Самар жайылмасын қамтамасыз ететін Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесін толыққанды іске қосу қажет. Бұл дегеніміз, киік санын біртіндеп, тіпті мыңдап та емес, қажет етсе, жүз мыңдап немесе одан да көптеп реттеуге мүмкіндік береді.

Дегенмен, жыл сайын жалпы киік басының белгілі бір мөлшерін әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы да азайтып отырған абзал. Оны, ең бастысы, жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында жүргізу қажет. Бұл шара адам қолымен жасалмаған күннің өзінде табиғи жолмен де амалсыз реттелуі мүмкін. Мұны да ескермей болмайды.
«Жабайы фауна мен флораның құрып кету қаупі төнген түрлерімен халықаралық сауда туралы» конвенция — CITES сарапшылары тарапынан ақбөкеннің әр популяциясын басқаратын жеке кеңес ашу ұсынылған. Кеңестің құрамына Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сонымен қатар азаматтық қоғам белсенділері міндетті түрде кіруі қажет. Орал популяциясын басқару кеңесінің құрылымында коммуналдық қазыналық кәсіпорын (КҚК) мен «Ақбөкенді сақтау және жергілікті даму» қорын ашу жоспарланған.

Зоопарк Алматы Алматы хайуанаттар бағы сайгак ақбөкен
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Ондай кеңестер популяцияға қатысты барлық шешімдерді қабылдауға құзыретті. Сондықтан жыл сайын жүйелі түрде жалпы киік популяциясының 10-15 пайызын корал торларына қоршау арқылы ұстап, етті өндіруге, ал терілер мен мүйіздерді өңдеуге жіберу қажет.

Киік санын реттеудің бұдан бөлек те жолдары бар, интурологиялық, сондай-ақ отандық және халықаралық спорттық, әуесқойлық және трофейлік аулауды ұйымдастыруға болады. Сонымен қатар, аталған шаралардан бөлек, киіктердің негізгі мекендейтін жерлерінде орналасқан қожалықтарға шаруашылық жүргізу құқығы негізінде тәлімбақ желілерін ашуға рұқсат берілуі тиіс. Заңды түрде белгіленген ережелерге сай ұсталған киіктердің басын реттеп, оларды жартылай еркін жағдайда өсіру нәтижесінде өнімдерін өндіру, шикізатын өңдеу көлемін анықтау осы құрылған 3 мекеменің, яғни «кеңес — ҚҚК — қор» өзара үйлесімді іс-қимылының арқасында жүзеге асырылады.

— Бұдан екі жыл бұрын киікті корал әдісімен және ату арқылы азайту қолға алынды. Алайда бұл нәтиже бермеді. Неліктен деп есептейсіз?

— Киіктің санын реттеу мақсатында атуға мүлдем қарсымын. Себебі ол адамгершілік тәсіліне жатпайды. Оны былтырлар ұйымдастыра алмағанымыз белгілі болды. Дұрыс ата білу де шеберлікті қажет етеді. Тіпті үйлесіп кеткеннің өзінде, көптеп атылғандарды дер кезінде бауыздап, соншама дала бойы шашылған ішек-қарынды аршып, етін бұзып алмай, өңдейтін комбинаттарға ұшалауға жіберу үшін тәжірибе жеткіліксіз екені анық. Аулау шаралары тек торларды қолдану арқылы болуы мүмкін, ал ол үшін барлық жағдайды ескере отырып, шараны неғұрлым тиімді ұйымдастыру қажет.

— Экология және табиғи ресурстар министрлігі киік санын реттеудің жаңа әдістерін ұсынбақшы. Атап айтқанда, спутник арқылы бақылау жолымен киік миграциясы мен шоғырлануын мониторингілеу, сондай-ақ киікті арнайы қаумалда ұстау үшін ұзақмерзімді ғылыми негізделген жоспар әзірлеу. Бұған ғалым ретінде не айтар едіңіз?

— Спутник арқылы ақбөкендердің Орал популяциясындағы кеңістік құрылымын, оның ішінде қысқы және жазғы мекендеу ареалын, көптеп шоғырлану аймақтарын, төлдеу орындарын, көктемгі және күзгі қоныс аударудың бағыттары мен уақытын анықтау өте дұрыс, онымен, әрине, толықтай келісемін.

Ал арнайы қамау деген — тәлімбақты айтып отырсаңыз, онда оның бірнеше түрі болуы керек. Негізгісі, «Бөкейорда» табиғи резерваты мен «Ащыөзек» табиғи қорықшасында орналасқан тікелей мемлекетке қарасты ғылыми ұйымдардың сүйемелдеуімен жұмыс істейтін зерделеу тәлімбақтары. Ондай орталықтарда ақбөкеннің биологиялық ерекшеліктері, құралайларының өсіп-жетілу қарқындылығы, мінез-құлық сипаты, жұқпалы дерттерге төзімділігі, генетикалық құрылымы және тағы сол сияқты зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Киіктен зардап шегіп отырған фермерлер мәселесіне келетін болсақ, үкімет тарапынан төленетін субсидия болса, онда тигізген залалдың түрін, көлемін, қаражатын анықтайтын әдістеме керек, дегенмен бұл осы күнге дейін қолға алынбай келді. Біздің ұсынысымыз сәл басқашатұғын, қысқасы, кеңес жанынан құрылатын қор тек популяцияны сақтау әрі жетілдіруге ғана емес, осындай жағдайларды ескеріп, соны өтеу үшін қызмет атқаруы керек.

киік
Фотоны Ғайса Әбсатиров ұсынған

— Киік мәселесін түпкілікті шешу үшін қандай бағдарламаны жүзеге асыру қажет деп ойлайсыз?

— Бағдарлама жоқ емес, бар! 2022 жылы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мамандары облысымыздағы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық және аграрлық-техникалық университеттерінің ғалымдарымен біріге отырып, Орал киіктерінің популяциясын басқарудың концепциясын әзірлеген. Концепцияны CITES сарапшылары 2023 жылы талқылап, өздерінің тиісінше ұсыныстарын берген еді. Соны және осыған байланысты Мемлекет басшысының былтырғы және биылғы тапсырмаларын ескере отырып, концепцияны толықтырып, бағдарламаны жүзеге асыруға болады.

— Биыл Жәнібек және Казталов ауданындағы фермерлер киіктің жылдағыдан ерте келгендігін, сондықтан шөп шықпайтынын айтуда. Бұл жөніндегі пікіріңіз?

— Бұл — белгілі жағдай, алдыңғы жылдары да байқалды, қайта 2024 жылы су көп келіп, ақбөкендер көктем-күз аралығында тарихи ареалының шеңберінде шоғырланды. Егер де су тапшылығы болса, онда тіпті көктемнен бастап қалай өзен бойымен жоғарыласа, сол беттен кері қайтуы да шамалы болуы мүмкін. Ал биыл Қамыс-Самар жайылмасында да, Орданың құмында да қыс жайлы болып, қар аз түсті, ал өзен-көлдерде суат жоқ, киіктер қарлау үшін Бөкей ордасынан көбінесе Жәнібекке, ал Жаңақаладан негізінен Казталовқа бет бұруы да содан. Мал баққан ағайынға мәлім, ол жерлердегі өсетін шөптің басын киік ерте бастан топырлап жеп өтсе, кейін сабағы да шықпай, тез қурайды. Ендігі тек тілейтініміз — жауын-шашын, ол болмаса, ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші кәсіпорындар мен жұртшылық шаруашылықтарының жағдайы тым қиындап кететіні әбден анық.

— Әңгімеңізге рахмет.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда киік мәселесін қалай шешуге болатынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар