Киікті қайта жерсіндіру: Қазақстан мен Өзбекстан меморандуға қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Өзбекстан киік популяциясын сақтау және қалпына келтіру бағытындағы ынтымақтастықты күшейтеді. Осы мақсатта екі ел өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров пен Өзбекстан Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитетінің төрағасы Азиз Абдухакимов қол қойды.
Меморандум аясында тараптар киіктердің трансшекаралық көші-қон жолдарын сақтап, табиғи мекендеу ортасын қалпына келтіру бойынша бірлесіп жұмыс істейді.
Сондай-ақ екі ел киіктердің санына, көші-қонына және денсаулық жағдайына бірлескен мониторинг жүргізуді, ғылыми деректермен алмасуды көздеп отыр. Бұл бағытта спутниктік бақылау мен ветеринариялық қадағалау әдістері қолданылады.
Ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарының бірі – киіктің тарихи мекендеу аумақтарындағы популяциясын қалпына келтіру. Осы мақсатта қайта жерсіндіру бағдарламасын әзірлеу, жануарларды көшіру, табиғи жайылымдар мен су көздерін қалпына келтіру жоспарланған.
Бұдан бөлек, тараптар браконьерлік пен жануарлардың заңсыз саудасына қарсы күресті күшейтеді. Бірлескен табиғат қорғау рейдтерін өткізу, трансшекаралық қорғалатын аумақтар мен көші-қон дәліздерін дамыту да келісілген ынтымақтастық бағыттарына кіреді.
Меморандум ғылыми-зерттеу ұйымдары, халықаралық серіктестер мен табиғат қорғау мамандары арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Бірлескен бастама киік популяциясын ұзақ мерзімге сақтауға, биоалуантүрлілікті қорғауға және Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Осыған дейін Қазақстан мен Өзбекстан киіктерді қайта жерсіндіру мәселесін талқылаған болатын.