Киіктің жер бетіндегі ешбір аңға ұқсамайтын қасиеті көп - Шөптібай Байділдин

Шөптібай Байділдин
Фото: Шөптібай Байділдиннің жеке мұрағатынан

Қазақстанда киік еті сатылымға шыққаннан бері қоғам оның қандай аң екенін, етінің дәмін, қасиетін талқылай бастады. Алуан пікір айтылып жатыр. Тіптен кейбір адамдар киіктің киесінен қорқып етін жеуден бас тартса, тағы бірі «халқымыз қадірлеген аңды бұлай жаппай ату обал» деп санайды. Бұл етті таңсық көріп жегендер таңдайда қалған дәмін төрт түлік мал мен даладағы қоңыр аңның қайсысының етіне ұқсатарын білмей, тамсанып та жүр. Қорыта айтқанда, біздің халықтың басым бөлігі Қазақстанда тіршілік ететін, отаны ортақ киелі аңды толық біліп, болмысын танып түсінбеген секілді. Сондықтан біз осы бір елді елеңдеткен, қызықтырған сауалдардың жауабын іздеп, Арқалық қаласының құрметті азаматы, өлкетанушы Шөптібай Байділдин ағамызға хабарласып, абыз ақсақалдың кесімді уәжіне жүгіндік.

Бауыздағанда тұяқ серіппейтіні – киіктің киелілігінің бір дәлелі

Киік – Алланың ерекше жаратқан аңы. Жер бетіндегі сұлулықты, парасаттылықты, тазалықты, мәрттікті, мейірімділікті, аңғалдықты киіктің бойынан іздеу керек деп есептеймін. Сондықтан да оның ешбір аңға ұқсамайтын қасиеті көп-ақ. Кезінде Кеңес үкіметі киіктің белгілі бір мөлшерін атып, арзан етті халық игілігіне жаратқан. Сол тұста мен де киік аулаған адаммын. Киіктің етін өндіріс бригадасына, шөпшілерге апарып беретінбіз. Ол кезде Жыланшықтың бойында киіктер миллиондап жүретін. Киіктің аңшының алдын әдейілеп бір кесіп өтіп, ажалдың алдында тағдыр-тәлейін сынап, көзсіз ерлік жасайтынына, мәрттігіне таңданатынбыз. Қашқан кезде сүрініп құласа, қайтып тұрмай жата береді. Ондайда байлайтын жіптің де керегі жоқ. Бауыздағанда тұяқ серіппейтіні – киіктің киелілігінің бір дәлелі. Қазіргі күні осындай ерекше қасиетін білмейтін адамдар «киік шошынып, қозғала алмай жатыр» деп ойлайды екен.

Тұзаққа оп-оңай түсіп қалатын аңқау аң

Сонымен бірге киік – өте аңқау аң. Аңшылар оның шұбырып жүретін жалғызаяқ жолына қақпан, тұзақ құрып қойса, осқырып-осқырып үркіп алып, соған оп-оңай түсіп қалып жатады. Ал бір табын болып шұбырып бара жатқан киіктің артындағы текесін атсаң, үйір алдыға емес, артына бұрылып қашады. Содан алдын бастаған екінші текені де атып аласың.

Тұмсығының еті сиырдың тілі сияқты

Ерте кезде де киік аулау қазақтың қосалқы кәсібі, күнкөрісінің бір саласы болған ғой. Қазақ кең сахарада таза ауа жұтып, судың тұнығын ішіп, киікоты секілді нәрлі, дәрі шөптерді талғап-таңдап жейтін киіктің дәмді етін жеп, кәдесіне жаратқан. Біз де бұрын киіктің басына дейін үйтіп жейтінбіз. Тұмсығы толған май, тұмсығының еті сиырдың тілі сияқты болады. Семіз текелерін жақсылап тұздап, салқын жерге жел қақтырып жайып тастаса, бір айдан соң сүрленіп, дәмі, иісі жылқының еті секілді болып тұрады. Оның етінің қасиеті – сол жазда құрттамайды, тез сасып кетпейді. Қазақ көбінде киіктің етін өз майына қуырып, қуырдақ жасайды. Мәнті жасасаң да дәмді болады. Ал терісі – ең сапасы жоғары былғары. Мүйізін, тұяғын, қанын шипалық қасиеті зор дәрі-дәрмектер жасау үшін пайдаланған.

Мейірімді, бірақ асырағанға көндікпейді

Олардың тағы бір ерекшелігі – мейірімділігі. Ешқашан жетім қалған лақтарын далаға тастамайды. Кез келген киік жолынан адасып қалған құралайды емізіп, өзімен бірге ертіп әкете береді. «Құралайдың салқынында» туған киіктің лағы екі сағатта тез ширап, аяқтанып, атты адамға жеткізбейтін болады.

Киік – қасқыр секілді асырауға өте сирек көнетін аң. Лақтарының өзін ұстап үйге алып барсаң өліп қалады. Асырауға көндікпейді. Құралайды ешкілерге телісең желінін жеп қоятындай сорғылап, бақыртып жібереді.

Ұрғашы киік төлінің ұрғашы не еркек болып тууын өзі реттейді

Зоолог мамандардың айтуынша, ұрғашы киіктер іштегі төлінің ұрғашы немесе еркек болып тууын өздері реттейтін көрінеді. Егер араларында текелері азайып бара жатса, сол жылы кілең еркек лақтарды өмірге әкелетін, өз өсімін өзі бақылайтын жер бетіндегі бір ғана жануар – осы киік. Осыдан кейін Құдайдың құдіретіне таң қалмай көріңіз!

Қазақ жұрты «Иттің иесі, бөрінің тәңірісі, ақбөкеннің киесі бар» деп қадір-қасиетін жете түсінген. Сондықтан киіктің санын реттейміз деп, жаудай тиіп, асыра сілтеп, жойдақсыз қыра беруге де болмайды.

киік
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Сәкен Сейфуллиннің «Ақсақ киігіндегі»:

«Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,

Өзге аңға жануарды тең көрмедім.

Көздері мөлдіреген ақбөкенді

Адамның баласынан кем көрмедім», - деген киікті адам баласына теңеген өлең жолдарынан киелі аңның айрықша қасиетін, сүйкімділігін сезінесің. Сол секілді Кәкімбек Салықов ағамыздың «Жезкиік» өлеңіндегі:

«Жез киiк, бiздiң жаққа қалай келдiң?

Жолымды тiке кесiп, жанай бердiң.

Адамның көздерiндей екi көзiң

Япырмай, дәтiм шыдап қалай көрдiм?» - деген шумақтары да киіктің халық жүрегіндегі дара қасиетін, қадір-қымбатын бейнелеп тұрғандай.

Соңғы жаңалықтар