Қылды қиып түсірген мерген: Жамбы ату шебері Ерлан Юсупов шәкірт баптап, ұлттық спортты насихаттап жүр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Жүйрікке мініп жүйткіп келе жатып, нысананы садақпен дәл көздеп ату – екінің бірінің қолынан келмейді. Шығысқазақстандық Ерлан Юсупов жамбы ату деп аталатын бұл спортты жанына серік еткен. Таяуда Kazinform тілшісі оны әңгімеге тартып көрді.

Ерлан Юсупов
Фото: Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Әңгімеміздің әлқиссасын жамбы ату спортына қалай келгеніңізден бастасақ…

- Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Сағыр ауылының тумасымын. Бала күннен спортқа жақын болып өстім. 30 жылдан астам ғұмырымды көкпарға арнадым. Ал жамбы ату спортына 2014 жылы келдім. Сол жылы Түркістан қаласында көкпар, аударыспақ, теңге ілуден ел чемпионаты өткен еді. Сонда ұйымдастырушылар барлық облыстан келген өкілдерді жинап, «Әр өңірден екі адам Моңғолияға баруы керек. Онда оқу-жаттығу жиыны өткізіліп, сіздерді садақ тартуға баулиды» деді. Сөйтіп, керек-жарағымды әзірлеп, жолға шықтым.

Ерлан Юсупов
Фото: Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Оқу-жаттығу жиынында екі аптадай жүріп, алдымен садақ тартуды, одан кейін тұлпармен ағып келе жатып нысана көздеуді үйрендік. Әуел баста «мұның не қиындығы бар, бала күнімізден садақ тартып келеміз ғой» деп ойлағанмын. Бірақ іске келгенде оңай еместігін көрдім. Бала күнімдегі садақ пен қазіргі садақтың айырмашылығы жер мен көктей екен. Сөйтіп, адырнаны қолға алып, заманауи жебемен атудың әдіс-тәсілін меңгеруді үйрене бастадым. Оқу-жаттығу жиыны қорытындыланып, бізге сертификат пен бір садақтан берілді.

- Алғаш рет қай сайысқа бардыңыз?

- 2015 жылы Қызылорда қаласында ұлттық спорт түрлерінен фестиваль өтті. Сайыс бағдарламасына тұңғыш рет жамбы ату жарысы енгізілді. Сол жерге Шығыс Қазақстан облысының атынан бардым.

Ерлан Юсупов
Фото: Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бастапқыдай емес, жүйелі жаттығулардан кейін ысылып қалғанбыз. Жарыс жолының ұзындығы 130 метр. Бірінші кезеңде осы межені атпен 22 секунд ішінде шауып өтіп, үш нысанаға садақ атып үлгеруің керек. Нысананың қашықтығы – 7 метр. Егер жебең дөп тиіп, бірақ жарыс жолын 22 секундта өтіп үлгермесең – нәтижең есепке алынбайды.

- Жарысқа қатысушылар өз аттарымен келуге міндетті ме?

- Әр команда қандай жарыс болмасын, тек өздерінің аттарын апарып, өнер көрсете алады. Себебі жарыста өзгенің атымен алдыңғы орындардың біріне ілігемін деу - әбестік. Шабандоз бен тұлпар қимылдарының үйлесіп, іс жүзінде қабысуы – жеңіске жетелейтін басты қағида. 

Ерлан Юсупов
Фото: Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жарыстың екінші кезеңінде 7, 8 және 9 метр қашықтықтағы, екі жарым метр биіктіктегі жамбылар ілініп тұрады. Оның өзінде бірінші кезеңде ұпай алғандар ғана келесі кезеңге жолдама алатын еді. Бұл дегеніңіз – әлгі ілулі қалқандардың тым болмағанда біреуіне дөп тигізу керек.

- Мерген оғының дәл ұшуына садақ сапасы да әсер ете ме?

- Әлбетте. Садаққа да біршама нәрсе байланысты. Бастапқыда сапалы садақтар Оңтүстік Кореяда жасалса, кейін украиндар да көптеп шығара бастады. Садақ - классикалық, аң аулауға арналған, спорттық деп бөлінеді. Әр адам садақты өз икеміне, ыңғайына қарай таңдап алады.
Сол кездегі жамбы атудан республикалық сайыс тұңғыш рет қолға алынған-тұғын. Қойылған талап қатаң, бәсекелестік те жоғары болды. Әр жамбы аттың қылына байланған. Бірінші кезеңде нысананың үшеуіне де тигізіп, ұпай алдым. Талайы мүлт кетіп жатты. Сол арада бәз-біреулер маған «Әй осы кездейсоқ тиіп кетті-ау» деп қалды. Жігерімді жанып оларға «Қазір қылды қиып түсіремін!» деп айтып салдым. Сол сөзді Құдай өзі аузыма салып тұрғандай болды.

Осыдан қайта атқа қонып, жарыс жолына шықтым. Тұлпарыммен құйғытып келе жатып нысананы бірінен соң бірін көздеп атып едім, болмады. Алайда соңғысына келгенде оғым дәл ұшып, қылды қиып түсірдім. Бұл екінші кезең аяқталмай жатқан кез. Жасырып несі бар, дәл осы нәтижені сол кезде де, әлі күнге дейін де ешкім қайталай алған жоқ. Сөйтіп, еліміз бойынша тұңғыш ұйымдастырылған жамбы ату сайысында жеңімпаз атандым.

Ерлан Юсупов
Фото: Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Қазір шәкірт баптап жүр екенсіз. Сол жайлы айта кетсеңіз.

- Ұлттық спорт түрлерінен талай талант түлеп ұшқан Ұлан ауданынан сұрмергендер әлі де көп шығады деп сенемін. Сол үшін білгенімізді жастарға үйретіп келеміз. 2018 жылы елордада 18-21 жастағы қатысушылар арасында сайыс өтіп, сонда алғашқы шәкірттерімді алып бардым. Олар жақсы нәтиже көрсетіп, екінші орын алды. Бұл да бір тарих қойнауына кеткен жетістік десек, артық айтқандық емес. Шәкірттерім күні бүгінге дейін тыңғылықты әзірлікті тастамай, түрлі жарыстарда жүлделі орындары иеленіп келеді.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Еске салсақ, Көшпенділер ойындарында садақ атудан топ жарған спортшыларға пәтер, көлік және сыйақы табысталған болатын

Соңғы жаңалықтар