Килиан Мбаппе - әлем чемпионаты финалында хет-трик авторы атанған екінші футболшы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе әлем чемпионаты финалында хет-трик авторы атанған екінші футболшы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Францияның ПСЖ клубының шабуылшысы бүгін финалдағы Аргентинамен кездесуінде қарсыластар қақпасын үш мәрте дәл көздеді. Ол 80, 118-минуттарда пенальтиден мүлт кетпесе, 81-минутта ойын барысында гол соқты.
Осылайша Аргентина мен Франция кездесуі 3:3 есебімен аяқталып, пенальти тебуде Аргентина чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Бұдан бұрын финалда англиялық Джефф Херст 1966 жылы финалда ФРГ құрамасына қарсы ойында хет-триктің авторы атанып, сол жолы Англия әзірге жалғыз мәрте чемпион болған еді.
Әлем чемпионатында үздік сұрмергенге берілетін «Алтын бутса» иегері атанды.
Ол доп додасында барлығы сегіз гол соқты.
Сондай-ақ, футболдан әлем чемпионатында соғылған гол бойынша рекорд жаңарды.
Фото:AURELIEN MEUNIER/GETTY IMAGES