Килиан Мбаппе корольдік клуб сапындағы алғашқы хет-тригін жасады
АСТАНА. KAZINFORM - Франциялық футболшы Килиан Мбаппе «Реал Мадрид» командасының сапындағы алғашқы хет-тригін жасады.

Мбаппе бастаған футболшылар Испания Ла-Лигасындағы кезекті ойынын сырт алаңда «Вальядолид» командасына қарсы өткізді. Ойын барысында Мбаппе 30, 57, 90-минутта мергендік танытып, өз клубына жеңіс сыйлады. Осылайша корольдік клуб 3:0 есебімен басымдық танытып, турнир кестесінде 49 ұпаймен жеке-дара көш бастады. Одан кейінгі орынға жайғасқан «Атлетико Мадрид» төрт ұпайға қалып келеді.
Айта кетейік, танымал франциялық футболшы корольдік клубқа былтыр ауысты.
Қазірге дейін ол жаңа командасында 15 гол соғып үлгерді. Нәтижесінде Ла лиганың сұрмергендер тізімінде екінші орынға көтерілді. Оның алдында 16 голмен «Барселона» командасының польшалық шабуылшысы Роберт Левандовски тұр.
Киллиан үлкен футболдағы алғашқы қадамын 2015 жылы Францияның «Монако» клубында бастады. 2017 жылдан бері «Пари Сен-Жермен» сапында 256 гол соқты. Соңғы маусымда ол франциялық командада 48 ойында 44 гол соғып, 10 нәтижелі пас берді.