Килиан Мбаппе «Реал Мадрид» сапында тұсаукесер ойынын UEFA суперкубогында өткізбек
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан UEFA суперкубогында испаниялық «Реал Мадрид» пен Италияның «Аталанта» клубтары кездеседі. Бұл ойында франциялық шабуылшы Килиан Мбаппе корольдік клуб сапында тұсаукесер ойынын өткізуі мүмкін.

Испаниялық клуб биыл француз шабуылшысын алдағы бес маусымға сатып алғанын ресми түрде жариялады. Ол «Реал Мадрид» клубына еркін агент ретінде ауысты. Жаңа командада 9 нөмірмен өнер көрсететін Килиан Мбаппе клубпен 2029 жылға дейін келісім-шартқа отырған еді.
Кездесу жергілікті уақытпен 00.00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ойын Польша астанасы Варшава қаласындағы Ұлттық стадионында өткізіледі. Оған швейцариялық Сандро Шерер бастаған төрешілер қазылық жасайды.
Биыл «Реал Мадрид» Чемпиондар лигасын жеңіп алса, «Аталанта» Еуропа лигасында жеңіс тұғырына көтерілді.
Былтыр Англияның «Манчестер Сити» командасы финалда Испанияның «Севильясын» (1:1, пенальтиден 5:4) тізе бүктіріп, суперкубок иегері атанды.
Бүгін жеңіске жеткен жағдайда «Реал Мадрид» екі рекордты жаңартуы мүмкін. Алдымен аталған турнирде алты дүркін чемпион атанады. Бұл жөнінен «Барселона» (Испания) мен «Милан» (Испания) клубтарын басып озады.
Ал испаниялық клубтың бас бапкері Карло Анчелотти бас бапкер ретінде бесінші мәрте суперкубок иегері атануға жақын тұр.
Айта кетсек, испаниялық клубтар - 16 («Барселона» - 5, «Реал Мадрид» - 5, «Валенсия» -2, «Севилья» -1) аталған турнирде жеңімпаз атанса, италиялық клубтар - 9 мәрте кубокты төбесіне көтерді.
Еске салсақ, бүгін «Астана» Конференция лигасы үшінші іріктеу кезеңінде «Корвинул» командасымен қарымта ойын өткізеді.