Қылмыс әлемінің серкесі қырғыз Қамшы Көлбаевтың Қазақстанда активтері бар ма – Жамаубаев жауабы

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қылмыс әлемінің серкесі қырғыз Қамшы Көлбаевтың Қазақстанда активтерінің болу және қырғыз тарапының оны қайтару туралы сұраныстың жасалу мүмкіндігіне қатысты сауалға жауап берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Қамшы
Фото: NazarNews.kg

«Бұл жаңадан шыққан ақпарат. Сондықтан әзірше қандай да бір сұраныс келіп түскен жоқ. Мұндай жұмысты біз өзіміз де жүргізіп жатырмыз. Кеше капиталды қайтару жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті. Таяу уақытта екінші отырыс өтеді. Сіздер аталған комиссия жұмысының нәтижесі жайлы білетін боласыздар. Қырғыз әріптестерімізге қатысты айтар болсам, әзірше қырғыз әріптестерімізден қандай да бір сұраныс келмеді. Мүмкін құқық қорғау құрылымдарының белгілі бір арналары арқылы түскен де шығар. Бірақ, ол маған белгісіз», - деді Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, Қамшы Көлбаевтың Қазақстан активтерінің бар-жоғы жайлы айту қиын.

«Аталған тұлғаның Қазақстанда жалпы мүлкі немесе қандай да бір қаражаты бар екендігін айту қиын. Тағы да атамын, ақпарат енді ғана түсті. Сондықтан олардың тарапынан (қырғыз тарапынан) сұраныстың түсуіне қарай қарастыратын боламыз», - деді ол.

Айта кетейік, 4 қазанда Бішкекте арнайы операция кезінде қылмыс әлемнің серкесі Қамшы Көлбаев қаза тапты.

Соңғы жаңалықтар