Қылмыс құрамы жоқ: Қонаевта кәмелетке толмаған қызды зорлады деп айыпталған полицейлерге қатысты іс тоқтатылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында 14 жастағы оқушы қызды зорлады деп айыпталған полицейлерге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.
«2024 жылдың 12 тамызында ҚР Қылмыс кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы негізінде қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды. Алматы облыстық прокуратурасы қабылданған шешімді мақұлдады», - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінен.
Еске салайық, бұл ақпарат былтыр қараша айында әлеуметтік желіде тараған болатын.
«Анонимді дереккөздің мәліметінше, Қонаев қаласында екі полиция қызметкері қызметтік жағдайын пайдаланып, 14 жасар оқушы қызбен жыныстық қатынасқа түсіп, оны видеоға түсірген (видеоны қазір қызметкерлердің өздері таратып жатыр). Бізге белгілісі, оның бірі кәмелетке толмағандар жөніндегі инспектор, екіншісі — ғимаратты күзететін полиция қызметкері, қазір екеуі де қамауға алынып,жұмыстан босатылған», — деп жазылған қордың Instagram парақшасында.
Кейін, Алматы облысының полиция департаменті екі күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады. Тәртіп сақшылары қылмыс жасағанға дейін жұмыстағы кемшіліктері үшін өз еркімен жұмыстан босату жөнінде өтініш жазғаны белгілі болды.
Алайда ол кезде жұмыстан босату туралы бұйрық шықпаған еді. Сол себепті қылмыс жасаған кезде олар полиция қызметкерлері болып саналады.