Ким Чен Ын ядролық әлеуетті күшейту қажеттігін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын елдің ядролық әлеуетін сан және сапа жағынан арттыруды тапсырды. Ол ядролық материал өндіретін кәсіпорындар мен ядролық зерттеулер институтын аралап, қару-жарақ қорын ұлғайту қажеттігін айтты. Бұл туралы Еуроньюс хабарлады.
Кореяның орталық телеграф агенттігінің хабарлауынша, Ким Чен Ын атом өнеркәсібіне қарасты бірқатар кәсіпорын мен ядролық зерттеулер институтында болды. Алайда нысандардың нақты орналасқан жері жарияланған жоқ.
Солтүстік Корея басшысы ядролық әлеуетті кеңейтуді Корей түбегіндегі қауіп-қатердің артуына берілген жауап деп атады.
Оның айтуынша, елдің ядролық держава ретіндегі мәртебесі мен ядролық арсеналды одан әрі ұлғайту бағыты «қайтымсыз шындыққа» айналған.
Оңтүстік Корея Қорғаныс министрлігі Пхеньянның бұл мәлімдемесіне байыппен қарайтынын және АҚШ-пен одақтастық аясында жауынгерлік әзірлікті сақтайтынын мәлімдеді.
Ал өткен аптада Қытайда өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммиті кезінде АҚШ президенті Дональд Трамп Ким Чен Ынмен келіссөздерді қайта бастағысы келетінін тағы да айтқан еді. Алайда кездесу өтпеді. Пхеньян да бұл ұсынысқа жария түрде жауап берген жоқ.
«Нью-Йорк пост» басылымына берген сұхбатында Дональд Трамп кездесуге дәл қазіргу уақыт қолайлы емес екенін, бірақ хат алмасуды қайта бастауға дайын екенін жеткізді.
Бұған дейін Ким Чен Ын Вашингтон «дұшпандық саясаттан» бас тартып, Солтүстік Кореяны ядролық мемлекет ретінде мойындаған жағдайда ғана келіссөз үстеліне қайта оралуға дайын екенін мәлімдеген болатын.
Өткен аптада Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Рафаэль Гросси де Солтүстік Кореяның ядролық инфрақұрылымды кеңейтіп жатқанына алаңдаушылық білдірді.
Еске салайық, бұған дейін Оңтүстік және Солтүстік Корея арасындағы қарым-қатынас қайта шиеленіскен тұста БҰҰ тараптарды диалогқа шақырған еді.
Осыға дейін Солтүстік Корея тағы да жаңа зымыран ұшырған болатын.