Киім-кешек, азық-түлік, опа-далап: әрбір үшінші қазақстандық интернетте сауда жасап жүр
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық статистика бюросы қазақстандықтардың интернетті игеру деңгейі туралы статистиканы жариялады. Соның ішінде интернетті тұтыну каналы ретінде қалай қолданып жүргені туралы мәлімет те бар.
Статистикаға сенсек, Қазақстанда интернет арқылы тауар мен қызмет сатып алатындардың үлесі 32,1%-ға жеткен. Дөңгелектеп айтсақ, елдегі әрбір үшінші тұрғын онлайн сауда жасап жүр.
Ал ең сұранысқа ие тауарлар қатарында киім, азық-түлік және косметика бар.
Қазақстандықтар интернет арқылы ең көп сатып алатын тауардың 71,3%-ы – киім, аяқ киім және спорт тауарлары. Одан кейін азық-түлік (45,2%), косметика (33,2%) және үй шаруашылығына арналған тауарлар (33,2%) тұр. Дәрі-дәрмекке сұраныс та жоғары – 31,9%.
Өңірлер арасында Шығыс Қазақстан облысы бірінші орында тұр (61,7%). Қарағанды облысы (49,9%) мен Алматы (46%), Астана (43,4%) қалаларының тұрғындары да белсенді. Ал Түркістан (11,1%), Жетісу (12%) және Жамбыл (14%) облыстарының халқы интернет саудаға әлі де жаппай машықтана қоймаған.
Бұған дейін қазақстандықтардың 95,6%-ы интернет қолданатын жазған едік.
https://kaz.inform.kz/news/kazakstandiktardin-956-i-internet-koldanadi-statistika-09f5b5/