Қымбаттаған жобалар ауыртпалығын жергілікті бюджетке жүктей салу дұрыс па

Үкімет көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға ерекше мән беруі керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин айтты, деп хабарлайды Кazinform тілшісі.

жергілікті бюджетке ауыртпалық
Фото: freepik.com

«Бізде бюджет қаржысының жетіспегенінен біраз мәселе бар. Менің ойымша, Үкімет көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға ерекше мән беруі керек. Мамандардың айтуынша, бізде әлі де 30 пайызға дейін көлеңкелі экономика бар. Екіншіден, импорт тым жоғары, яғни жылына 52 млрд АҚШ долларына жетіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар тиісті деңгейде атқарылмай отыр», – деді Е. Жаңбыршин Мәжілісте жаңа Бюджет кодексінің жобасын таныстыруға арналған отырыс кезінде.

Сонымен қатар депутат Kazinform агенттігі тілшісіне жобалардың қымбаттауы мәселесіне қатысты аталған кодекс аясында тиісті шешім жасау керек екенін айтты.

«Түзетуге қатысты бәрін жергілікті бюджетке беріп тастау керек дегенмен келіспеймін. 15 млрд теңгеге бағаланған кейбір жобалар 40 млрд теңгеге дейін жеткен. Мұны жергілікті бюджет өзі жалғыз көтере алмайды. Осының салдарынан тиісті тапсырмалар орындалмай қалады», – деді ол.

Е. Жаңбыршин жобалар қымбаттаған кезде қаржыландыруды 50/50 қағидаты арқылы іске асыру керектігін мәлім етті. Жартысын республикалық бюджеттен және қалғанын жергілікті бюджеттен қаржыландыру қажет.

«Жоспарлауға тоқталсақ, кейбір жобалар қымбаттап кетеді. Бастапқыдағы жобадан бірнеше есе өсіп кеткен жобалар бар. Біздің ойымызша, жаңа Бюджет кодексінде осы жүктемені республикалық және жергілдікті бюджет тең көтеруі керек», – палата өкілі.

Атап айтқанда, Мәжілісте жаңа Бюджет кодексінің жобасын таныстыру кезінде Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин республикалық бюджеттен қаржыландыруға тек елдегі ауқымды әрі аса маңызды инфрақұрылымы бар жобалар ғана енгізілетінін айтты.

«Ал қалған жобалар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Бұл тұрғыда жергілікті бюджеттерді нығайтып, салықтардың бір бөлігін сол жаққа аударамыз. Осы орайда жобалар қымбаттаған кезде, бұл кірістер қосымша шығындарды жабуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жоспарлау процесі оңтайландырылып, мақсатты индикаторларға байланады», – деді А. Әмрин.

Соңғы жаңалықтар