Кімнің баласысың? - Мамамның... - Өңірлік баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.
None
None

*   *   *

Екінші Асанқайғы - «Орталық Қазақстан» газеті

null 

Көрнекті қазақ қаламгері, ұлт абызы Ақселеу Сейдімбектің туғанына биыл 75 жыл толады екен. Қалың жұртшылыққа Тарақты Ақселеу деген сойымен белгілі жазушы осыдан 8 жыл бұрын қыркүйек айында дүниеден өткен еді. Осыған байланысты «Орталық Қазақстан» газеті «Ұлы даланың тарихын тәптіштеп, салт-дәстүрі мен шерлі шежіресін тасқа таңбалауда тарпаңдық танытқан тарлан тұлға» туралы бірқатар естелік мақалалар жариялапты. Соның бірі танымал жазушы, журналист Төрехан Майбастың «Екінші Асанқайғы» атты естелігі. Автор Ахаңның қажылық сапарына барып келген кезінен кейінгі мынадай бір әңгімесін былай еске алады: «Әлі шекарамыз қайсы деген заман да туады. Сорақылығымыз сол сауалды өзімізге емес басқаларға қоятын боламыз. Біздің шекарамызды басқалар белгілейтін болады. Сенің әкең айтып отырған Асанқайғының қайғысы сол.  Асан бабамыз сондай күн туатынын білген. Білгендіктен де желмаясына мініп қазағының жерін түгендеп кеткен. Шекарамызды айқындап берген. Сол Асан бабамыздың сөзін біз айта алар ма екенбіз?!.». Сөз соңында мақала авторы: «Жерімізді Асан баба түгендеп берсе, елімізді Ақселеу аға түгендеп беріп отыр. Түгендегені сол, ол қазағына домбырасын қайырып берді. Ал қазақ деген - домбыра...» деп түйіндейді. 

«Орталық Қазақстан» газеті Ақаң туралы басқа да бірқатар естеліктер жариялаған.

Кімнің баласысың? - Мамамның... - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

Ұрпақ, бала тәрбиесі, салт-дәстүр мәселесін «Оңтүстік Қазақстан» газеті ұдайы көтеріп келеді. Бұл жолы да ата дәстүрге қатысты журналист Бағдат Қалаубайдың мақаласы жарияланып отыр.  

«Қазiр «кiмнiң баласысың?» деп сұрасаң көбiнде «мамамның баласымын» (яғни я күйеуi қайтыс болған немесе түрлi себептермен ажырасқан жесiр әйелдiң баласы) деген жауап естисiз. Егер мамасы саналы болса, баласына «әкемнiң баласымын, пәленшенiң баласымын» дегендi айтуға үйретер едi. Себебi, бала жүз жерден мамасының баласы болғысы келгенiмен, шыққан тегi бар ғой. Жетi атасын үйреткенде мамасының емес, әкесiнiң жұрты санамаланады емес пе?» деп мәселені төтеден қояды журналист.

Сөз арасында мақала авторы рушылдық мәселесін де қаузайды. Сосын сол «кімнің баласысың? «дегеннің түп-төркінін өзінше сабақтап, талдайды. Осы орайда әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың әжуасына да ренішін айтып қалады. «Тұрсынбектiң айтуынша өзге ұлттарда өйтiп сұрау (танымаған баладан кімнің баласысың деп сұрау) жоқ екен-мiс. Сонда бұл бiздiң бiр кемшiлiгiмiз сияқты қабылданып тұр көрермендерге. Әзiлкештiң осы әжуасы кiмге керек?! Бұл - күлдiру емес, бүлдiру. Бiздiң пайымымызда «кiмнiң баласы екендiгiн сұрау» қазақтың ұлттық кодының бiрi. Бұл тұста әзiлкешiмiз әкесi өзiнiң баласынан кiмнiң баласы екендiгiн сұрамайтынын, оның намысқа шабатын оспадарлыққа жататындығын ескермейдi. «Кiмнiң баласысың?» деп атасы немересiнен сұрайды. Сондағы рахаты немересiнiң бал тiлiнен «атамның, әжемнiң, апамның баласымын» деген бал татыған тiлегiн есту ғана». Ата мен әженің тұрғысынан қарасаң бұл дұрыс та сияқты. Автор айтар ойын: «Жiгiттiң кеудесi шалқақ, басы жоғары болса ғана қан қыздырар ұлттық көзқарастар өткiр де өршiл болмақ. «Кiмнiң баласысың?» дегенде атасының баласы екендiгiн, атасы болмаса әжесiнiң баласы екендiгiн, ол да болмаса «пәленшенiң баласымын» деп әкесiнiң атын кiбiртiктемей мақтана айтатын ұрпақ өсiрейiк» деп түйіндейді.

«Спорт» пен «дене шынықтыру» ұғымдарының айырмашылығы неде? - Атырау газеті

Атырау газетіндегі аталмыш мақаланың өзегі спорт пен дене шынықтыру сөздерінің аражігін ажырату емес, жұртшылықтың назарын бұқаралық спортқа аудару. Автор дене шынықтырудың тәрбие құралы, салауатты өмір салты екенін айтып, оны отбасының бір дағдысына айналдыру қажеттігін атап өтеді.  Мамандардың пікірін де ортаға салады. «Дағыстанда тұтас бір тайпа ертемен тұрып, жүгіреді екен. Міне, салауатты өмір салтының бір көрінісі. Атақты спортшы Дәулет Тұрлыханов та кезінде әкесімен бірге осылай жүгірген екен. Қалай десек те, ата-ананың спортқа қатынасы қандай болса, сала болашағы да соған байланысты болмақ» деп жазады автор.

Жазуынша, атақты боксшы Серік Қонақбаевтың анасы да спортқа бір табан жақын болған деседі. Футболға жаны құмар баласының жаттығуларға барып жүргенін өзі қадағалапты. Бірақ Серіктің жаттықтырушысы оның боксқа бейім екендігін аңғарады. Тобықтай түйін - баланың дені саулығын ойлаған ата-ана отбасылық дене шынықтыруды, спортты жастайынан қамдау керек. Ұлт саулығы деген де осы.

Құлдықта өткен күндер - Дидар газеті

Шығыс Қазақстан облыстық Дидар газетіндегі мақаладан 21 ғасырдағы құлдықтың қасіретін оқығандар таңданысын жасыра алмас, сірә. Сапар есімді азамат Өскеменнен Алматыға жұмыс іздеп барады. Кейін Алматыдан қарағандылық ағайындылар 2014 жылдың күзінде шырғалап әкетеді. Кино сценариіне бергісіз бұл оқиға қазіргі замандағы азаматтардың басынан өтті дегенге сену қиын. Айтпақшы құлдыққа түскен Сапарды азаптан құтқарған екі аяғы екен. Аяғының қысқалығынан ол жастайынан жүгіруге көп ұштар болған. «Қарағанды облысының Жаңарқа ауданындағы Ақтау дейтін қыстақта мал баққызды. Алдыма мыңнан астам қой мен сиырды салып береді. Маған дейін қашпақ болғандардың ұмтылыстары сәтсіз аяқталғанын білетінмін. Сондықтан тыңғылықты дайындық қажет еді. Жарыс алдында дайындалғандай өзімді оншақты күн бойы баптаған болдым. Сүйекте қалған әдетті ояту қиын болмады. Тыныс жолым да ашылып шыға келді. Өзімнің әбден жарағанымды сезген кезде ғана тәуекелге бел будым. Аяқтарым алдамапты. Өзім құтылғаннан кейін қасымдағылардың туыстарына хабарладым. Қылмыстың беті солай ашылған, - деп еске алады Сапар.

Айта кетерлігі, осы құлдықтағы оқиғаға байланысты Қарағанды облыстық соты соңғы үкімін шығарған. Төрт бірдей жігітті құлдықта ұстаған шаруа қожалық иесі мен оның немерелес екі інісі бес-бес жылдан жазаларын алыпты. Айдаладағы қыстақта ақысыз мал баққан бейбақтардың көрмегені қалмапты. Павлодарлық жапа шегуші қыстақта азаптың не түрін көргенін айтады.

Айта кетерлігі, қазақ қоғамында құлдық қылмыс барлық өңірлерде де кездесетін болып шықты. Олардың басым бөлігі шалғай жайылымдарда, қыстақтарда мал бағумен байланысты болып жататыны да анық екен. Мәселен, Шығыс Қазақстан өңірінде  соңғы бес жылда құлдыққа тұтылған азаматтардың ең жасы 25-те болса, ең үлкені 49 жаста болған. Олардың 75 пайызы ер адамдар екен.

Оқушының қылмысын жасырғандар жауапқа тартылады - Ақтөбе газеті

Ақтөбе газетінің мәліметіне қарағанда соңғы жылдары өңірде жасөспірімдер арасындағы қылмыс екі есеге өскен.  Айта кетерлігі, ішкі істер департаменті оқушылар мен студенттер арасында қылмыстың өршіп тұрғанын алға тартады. Тіпті олардың мәліметінше, ауыр қылмыс жасағандар атары артқан. «Топ болып қылмыс жасайтындар мектеп, колледж оқушылары арасында көп. Олар қарақшылық, ұрлық, алаяқтық, бұзақылық жасаған. Жасөспірімдерге дер кезінде шара қолдану керек. Ал біздің мұғалімдер мен ата-аналар балалардың қылмысын жасырады. Оқушылардың қылмысын жасырған мұғалімдер мен мектеп директорлары әкімшілік жауапқа тартылады», - деп ескертеді ІІД. Расында, келтірілген мәліметтерге қарағанда биылғы жылы өңірде білім саласының 6 қызметкері әкімшілік жауапқа тартылған екен. Бәрі балаларды қорғап, қылмысты жасырған. Олардың арасында мектеп, колледж мұғалімдері де бар көрінеді. Құқық қорғау органының қызметкерлері бұл ретте педагогтар оқушылардың қылмысын қазір жасырса, ертең олардың ауыр қылмыс жасауы мүмкін екенін еске салады.

Тораштағы тылсым тастар - Сыр бойы газеті

null 

«Сыр бойы» газетіне шыққан мақалада Қазақстанның киелі жерлерін саяхаттайтын автор «Торыш даласына» таңданысын жайып салады. «Бекет атаны» бұрыннан естіп, біліп жүрміз. Ал, «Торыш даласы» құлаққа бейтаныстау естілді. Содан не керек, ғаламторды ақтарып мәлімет іздей бастадым. Сөйтсем, бұл сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес керемет жер екен. Торыш жайлы жазылғандарды оқып, оның бүгінгі күнге дейін бағасын ала алмай жүрген аймақтың бірі екенін түсіндім», - деп жазады мақала авторы.

Айта кетерлігі Тораш киелі Маңғыстау жерінде орналасқан. Ерекшелігі бұл аймақта құдды бір қол жасалғандай неше түрлі домалақ тастар бар. Ең бастысы бұл даладағы құпия сырын ғалымдар да тап басып айта алмай келеді. Адам бойындай алып тастар тұтас бір алқапты алып жатыр.

«Жергілікті жұрт бұл тастарды аңыз-әңгімелермен байланыстырады. Есте жоқ ескі дәуірде Маңғыстау жеріне санынан адам жаңылатын жау келіпті. Олардың көптігі сонша, тіпті, ана шеті мен мына шетіне адамның көзі жетпейді екен. Жер қайысқан қолға жергілікті жұртта қарсы тұрарлық қауқар болмайды. Олар Жаратқанға жалбарынып, дұшпаннан құтқаруды сұрайды. Бір ғажабы, осы кезде адам сенгісіз оқиға орын алған. Күн күркіреп, найзағай ойнайды. Нөсерлеп жауын жауады. Бүгінде Торыш жерінде жатқан домалақ пішіндес тастар сол кезде пайда болыпты. Жаудың әрбір адамы тасқа айналған. Шар тәрізді конкрециялар осылайша пайда болған көрінеді. Ел аузындағы аңыздар осыны меңзейді».

Мақала авторы Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» арқылы осындай жұрт біле бермейтін киелі орындар насихатталса деген тілегін жеткізеді.

Жүргізушілер мәдениеті неге төмен - Жетісу газеті

Жол һәм жолаушылар тасымалы мәселесі қай өңір үшін де өзекті. Бір-бірімен бәсекелесе жөңкілетін жолаушы таситын автобустар жарысы бір кездері тек Алматы үшін ғана қалыпты жағдай секілді еді. Ал қазір бұл өңірлердің бәріне ортақ проблемаға айналған. Осы мәселені Алматы облыстық «Жетісу» газеті де көтереді. Мақала жекеменшік автопарктердің қала ішінде тегін қатынайтын оқушы мен студенттерге кондукторлар көзқарасынан басталады.  «Кейбір автобустар оқушылар көп шоғырланып тұрған аялдамаға тоқтамай, тоқтаса да аулақтау барып жолаушыларды түсіріп тұра қашатын, оқушылар мініп жатқан тұста есікті тарс жауып жүріп кететін жайттар орын алып тұрады. Автобусқа кіріп келе жатқан бала қысылып қалып, жазатайым жағдай болады-ау деген ой жүргізушілерді қалайша мазаламайды дейсің мұндайда. Тегін жүремін деп теперіш көріп жүрген оқушыларды күнде кездестіруге болады.  Ол, ол ма? Тегін жүретін зейнеткерлерге де жауша тиетін кондукторлар болады» деп жазады автор.

Мақалада жолаушылар тасымалынан теперіш көрген қарапайым халықтың пікірлері де беріліпті. Сөз соңында автор қала әкімдігі тарапынан бірқатар мәселелер оң шешімін тауып келе жатқанын айта келе, алайда «жүргізушілердің мәдениеті мен адамгершілік мәселесін уақыт еншісіне қалдырады». 

Соңғы жаңалықтар
Референдум