«Кімнің киімін киіп жүрсіз?» - баспасөзге шолу
*** «Шындығына келсек, бәріміз де өзгенің киімін киіп жүрміз. Иә, көршілердікі, одан қалды көршінің көршісінікі. Не керек, әйтеуір біздікі емес. Сенбесеңіз, үстіңізге үңіліп көріңіз...
Ұялған тек тұрмастың жайымен базарға бағыт алдық. «Қазақстанда жасалған» киім іздеп жүрміз. Жағалай импорт. Әлемдік брендтерді былай қойғанда, шетелдің арзанқол тауарларынан-ақ көз сүрінеді. «Мыналар қай жақтан?» дегенімізше болған жоқ, сатушы зуылдай жөнелді: «Қандайы керек, бізде бәрі сапалы, Түркия, Ресей, Германия...». «Өзіміздікі жоқ па?». «Ә-ә, арзан іздедіңіздер ғой, онда Қытай, Қырғыздан бар...». «Қазақстаннан ше?». «Қазақша киім? Ондайлар екінші қабатта, қамзол, шапан, бәрі сонда бар». «Қазіргі заманғы киімдер ше?». Жоқ!»,-деп жазады « Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында. Жеңіл өнеркәсіп мәселесін арқау еткен осы мақала «Кімнің киімін киіп жүрсіз?» деген тақырыппен оқырман назарына ұсынылып отыр.
Осы басылымда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Досымхан Рахымбектің «Білім стандартындағы ала-құлалық мұғалімдер дайындау ісін мандытпай отыр» атты көлемді мақаласы жарияланды. «Бірінші кезекте айтарымыз, мектеп бітіруші түлектердің ішінен ең білімді де, талантты жастардың қызығушылығын ояту және оларды мұғалімдік мамандыққа тарту жайы. Олай дейтініміз, қазіргі кезде мұғалімдік мамандықта оқып жүрген студенттердің көпшілігі «қалдық принципі» бойынша, яғни сұранысы жоғары мамандықтарға өтпей қалған, орташа ғана білімділер. Ал, ақылы негізде оқитындардың жағдайы түсінікті, олардың көпшілігі мектепте ортадан төмен деңгейде оқығандар. Бұдан шығатын қорытынды, педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттер құрамы негізінен орта немесе ортадан төмен деңгейде ғана білімі бар мектептің түлектері болып отыр. Орташа білімді мұғалім орташа білімді оқушы даярлайды»,-дейді профессор.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, өңір басшылары өзі басшылық ететін аймақтағы денсаулық сақтау нысандарының уақытында салынып, пайдалануға берілуіне тікелей жауапты екенін ұмытып кете беретін секілді. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы Явлинка және Булаево кенттеріндегі 2 аудандық емхана 2013 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда бұл нысандар әлі ел игілігі үшін жұмысын бастаған жоқ. Бұл туралы Үкімет жанындағы Денсаулықты сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды. Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен селекторлық режимде өткен кеңесте «100 мектеп және 100 аурухана құрылысы» және «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емхана құрылысы» жобаларын іске асыру барысы қаралған болатын. Отырыста сөз алған Денсаулық сақтау вице-министрі Б.Төкежановтың дерегінше, «100 мектеп, 100 аурухана құрылысы» жобасы бойынша бүгіндері 71 нысан құрылысы аяқталған. Ал 28 нысанның құрылысын 2016 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Осы мәселе арқау болған мақаланы «Құрылыстың аяқталуына әкімдер жауапты» деген мақаладан оқи аласыздар.
Осы басылымда «Жерден 162 млрд. теңге жепті» деген материал берілген. Былтыр қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алудағы бұзушылық көлемі 162 млрд. теңгеге артқан. Бұл туралы «Cloud Service» ЖШС контрактілік агенттігі филиалының директоры Жан Нұрбеков хабарлады. «2012 жылы бұзушылық 2,7 триллион теңгенің 0,7 пайызын, яғни 18,3 миллиард теңгесін құраса, 2013 жылы ол біршама артып, сатып алу ережесін бұзу 162 миллиард теңгені құраған» деді Ж.Нұрбеков мұнай-газ компаниялары форумында. Ол бұзушылықтарды жіберуде көш бастап тұрған «CNPC - Ақтөбемұнайгаз» екендігін атап өтті. «Министрлік жыл сайын, ай сайын анықтап отырған бұзушылықтар қайталанып отыр, ол сатып алуға біздің кәсіпорындарымыздың қатысуына қолдан кедергілердің жасалуы. Мысалы, мынадай фактілер бар, сатып алынған тауарларды, жұмыс пен қызметті жеткізу талаптарын біле тұра орындамау» деп толықтырды ол.
***
«Түркістан» газетінде «Журналистің жанайқайын естір құлақ жоқ» атты мақала берілген . Әлеуметтік желілерде көп талқыланып, қоғамда пікірталас тудырған бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі - журналистердің мемлекет тарапынан қарастырылатын әлеуметтік жеңілдіктерге мұқтаждықтары және олардың құқықтарының конституция шеңберінде қорғалуы һәм қадағалануы. Биліктің тізгінінде жүрген шекпенділер журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында азын-аулақ сый-сияпат көрсетіп, бір жапырақ қағаз беріп (Алғыс хат), алдап қоятыны болмаса, БАҚ мамандарына, «Төртінші билік» уәкілдеріне мемлекеттік ешбір бағдарлама жәрдемші бола алмапты. Сырт қарағанда журналистерден асқан бай-бағлан жоқ. «Ішкені алдында, ішпегені артында секілді. Амал нешік, халықтың назарында жүрген соң, жылтырақ киініп, жамап-жасқап, әрлі көрінуге тырысады да. Журналистердің арасында сауалнама жүргізу арқылы анықтағанымыздай, түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет ететін 30 журналистің 22-сі тұрғылықты пәтері болмаған соң, бала-шағаларын ауылдағы ата-әжесінің қолына жіберген екен. Өздері кәдуілгі кезбенің күйін кешіп, пәтерден-пәтер жалдап жүреді. Ал сол жалдамалы пәтердің кұны да әркелкі, тұрақсыз. Бір көңілге медеу болатыны бірен-саран депутаттар анда-санда мойын қылтитып, үн шығарып қояды біздің жаққа. Мысалы, Н. Сабильянов: «Біз кейде журналистерді сынап жатамыз. Орынсыз жазады деп. Тұрғын үймен қамту мәселесіне келгенде, журналистердің де мүдделерін ұмытпасақ дегім келеді». Бұл осыдан 2 жыл бұрын айтылған сөз. Өзгеріп кеткен түгі жоқ. Баяғы жартас - сол жартас»,-деп жазады мақала авторы.
***
«Экспресс К» басылымының бүгінгі санында «Круговорот бабла в природе» деген мақала басылды. Енді қазақстандықтар ақша санау, қол қоярдың алдында келісімшарттарды тыңғылықты оқып шығуды арнайы үйренетін болады. Кеше алматылық қоғамдастықтар республикада Қаржылық қызметтер тұтынушыларының одағын құру жайында жариялады. Жаңа ұйым қаржылық саланың жай-жапсарын егжей-тегжейлі білмейтін азаматтардың құқығын қорғауға уәде етуде.