КИнЭС энциклопедиясы Қазақстандағы жаңа рекордтармен толықты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - Қазақстан Рекордтар кітабының (КИнЭС) жаңа шығарылымы жарық көрді. Кітап бүгін Алматыда таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қазақстан Рекордтар кітабының соңғы шығарылымы екі жыл бұрын шыққан. Осы уақытқа дейін ел тұрғындары көптеген жетістіктерге жетіп үлгерді. Кітапқа енгендердің барлығына сертификаттар берілді. Тұсаукесер шарасына қатыса алған азаматтарға сертификаттар жеке тапсырылды.

КИнЭС-ке енетін жетістіктерді іріктеу күн сайын жүргізіледі. Алайда, кез келген ерекше іс-әрекет немесе құбылыс ғажайыптар кітабына ене бермейді. Әрбір деректі сарапшылар ұжымы мұқият тексереді.

«Жетістік бар жағынан қызықты болуы керек. Сонымен қатар, біз бұл оқиғаның бірінші рет болып отырғанына көз жеткізуіміз керек. Оны анықтайтын сарапшылар ұжымы бар. Бұл басылымға Гиннес рекордтар кітабына енген жетістіктер де, Қазақстан аймағында бірінші рет болып отырған деректер тіркелді. Мәселен, Астанадағы «Хан Шатыр» әлемдік рекордтар кітабына ең үлкен шатыр ретінде кірді. Бұл әлбетте, Қазақстандағы жалғыз шатыр болып табылады. Каспий теңізі - әлемдегі ең үлкен көл болса, бізде де сол көрсеткішпен тіркелді. Ал Арал теңізі ең суалып бара жатқан көл ретінде енді», - деді КИнЭС Қазақстан рекордтар кітабының бас редакторы Қуаныш Тазабеков.

Оның айтуынша, сарапшыларға таңдау жасау қиынға түседі. Кей жағдайда рекордты тіркеп қана қоймай, басқа елдің рекордтарымен салыстыруға тура келеді.

«Әлемде 50-ге жуық ел өздерінің рекордтар кітабын шығарады. Қазақстан рекордтар кітабы 1999 жылдан бастап шығып келеді. Басында жұп-жұқа кітап болып басталған еді. Ішінде суретсіз 515 дерек қана бар болатын. Қазір 1654 дерек, 2000 фотоиллюстрация тіркелген үлкен энциклопедиялық жинаққа айналды. Кітап екі тілде шығады», - деді редактор.

Қазақстан рекордтар кітабында география, халық саны, тарих, экономика, бизнес, саясат, құқық, туризм, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және өнер, қала құрылысы, сәулет және спорт салаларындағы басты жетістіктер топтастырылған.

Қазақстан Рекордтар кітабына енген сәулеттік жетістіктер арасында елдегі ең үлкен экологиялық арт-нысан - «Атакент» орталығы алдына орнатылған тиіннің мүсіні бар. Астанадағы Ырыскелді қажының мешіті елдегі ең экологиялық мешіт ретінде енді. Ғимарат жасыл технологиялар арқылы жылытылады. Павлодардағы Мәшһүр Жүсіп мешіті сәулет құрылысы жағынан ерекше ғимарат болып шешілген. Сондай-ақ Астана жағалауындағы үлкен сағат, шолу шеңбері, Қызылорда облысындағы БигБен сағатының көшірмесі Рекордтар кітабына ілінді.

Одан бөлек, КИнЭС энциклопедиясында өзінің қабілетімен ерекше көзге түскен қазақстандықтар да бар.

«Кітапқа енген әр тұлға өзінше ерекше. Жақсылық Үшкемпіровтің спорттағы жетістігі, «Тұран» тобының өнері, кино өнеріндегі жетістіктер, екі тәулік тоқтамастан тігіс тіккен талдықорғандық жігіт, каскадерлар, күштері тасыған жігіттер, альпинистер барлығы да құрметке лайық адамдар. Сонымен қатар, ең ұзын қазы, ең үлкен бургер, ең көп кәуап, қара жорға биін жаппай билеу сияқты деректер кірген. 2013 жылы Алматыдан ұшырылған ең көп шарлар,  ең үлкен кесе шай, Құрманғазы күйін жаппай орындау (Орал 2018), елдегі ең ұзын шарф деген сияқты жайттар енген», - деді редактор.

Сондай-ақ, белгілі композитор Олег Беловтың Алматы универсиадасына арнап жазылған «Дай мне руку» әні де 43 елдің тілінде жазылған ән ретінде тізімге алынды.

«Мен осы жобаны қолға алғанда соншалықты қиын болады деп ойламадым. Интернетте көп отыруға, шетелдік достарыммен көп сөйлесуге тура келді. Мысалы, ағылшын тіліндегі қайырмасын Аризона штатына пианист  Гейл Гриффин мен Лос-Анджелестегі продюсер Гаухар Нұртас жазған. Бұл әнде өз тіліндегі сөздерді ирандықтар, вьетнамдықтар, моңғолдар, кениялықтар, сенегалдар ести алады»,- деді кітапқа енген кейіпкерлердің бірі Олег Белов.

Қазақстан Рекордтар кітабы Алматы университеттері мен мектептерінде 1 мың дана тиражбен таратылатын болады.

Соңғы жаңалықтар