Кино сюжеті дерсің: тікұшаққа қол бұлғап белгі берген отбасы құтқарылды

құтқару
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қорғаныс министрлігінің ұшқыштары байланыс аясынан тыс қалған Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының 9 тұрғынын құтқарды. Сюжеті киноға ұқсас оқиға көпшілікті тебірентті.

14 сәуір күні су тасқынынан жан сауғалаған отбасы өз көлігімен жақын орналасқан ауылға жетуді мақсат еткен. Алайда, көлік ішіне су кіріп, ақыры батып кеткен. Тығырыққа тірелген отбасы биік жерге баруды жөн санап, 2 шақырым жерде орналасқан мұнараны бетке алады. Ондағы ойлары – төменнен құл бұлғасақ тікұшақтағы ұшқыштардың назарына түсеміз деген үміт.

Бес баламен мұнараға жету мұң болған. Ең кенжесі – 3 айлық. Әупірімдеп жүріп діттеген жерге әрең жеткен тұрғындар өздері ойлағандай ұшқыштардың көзіне түсіп, аман қалды. Таңғы 8-де жолға шыққан отбасы 16.00-де құтқарылып, Ырғыз ауданындағы мектептердің біріне орналастырылған.

әйел
Фото: Қорғаныс министрлігі

«Тікұшақ бұрылып келе жатқанда қуанып кеттім. Көп күттік. Өзімді емес, балаларымды ойлап қорықтым. Құмның қасына ұйықтадық. Өзіміз тоңсақ та, үстіміздегі киімді шешіп, үш айлық баланы қымтап амал қылдық. Балалар түгілі өзіміз шаршадық. Екі шақырым жерде орналасқан тауға жетеміз дегенше.. Жыңғыл, сай-сала, балалар құлап. Су, тамақ сұрады. Жүрегіміз ауырып, «қазір вертолет келеді, сок, анау-мынау әкеледі» деп өтірік алдап, әйтеуір тауға жеттік. Тікұшақтағы азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Алла разы болсын! Осындай қиын-қыстау кезеңде ел үшін күні-түні еңбек етіп жүрген жандарға ризашылығымызды білдіреміз. Елімізде мұндай апат енді болмасын!» - дейді көзіне жас алған ана.

Бейбарыс Ибраев
Фото: Қорғаныс министрлігі

Тікұшақта болған майор Бейбарыс Ибраев сол күні 5 жерден адамдарды құтқарып, жолдан тоғыз адамның қол бұлғап тұрғанын көріп қалғанын айтады.

«Байланыс жоқ, интернет жоқ. Су тасыған уақытта үйден қашып шығып, жолда адасып кеткен. Мұнараның астынан қол бұлғағанын көріп қалып, құтқарып алдық. Бес баламен далада қалған. Экипажыма рақмет. Осындай қиын сәттерде тұрғындарға көмек көрсетіп, баталарын алғанымызға қуаныштымыз», - дейді ол.

Су тасқыны аяқталар. Шығын өтелер. Ал бұл оқиға елімізде соңғы 80 жылда болмаған су тасқыны жайлы түсірілетін фильмнің сюжетіне сұранып тұрғандай...

Соңғы жаңалықтар