Кинологиядағы үнсіз серіктестік: Буча мен Рақымжанның сенімге құрылған дуэті
АТЫРАУ. KAZINFORM — Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Атырау облысы полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығында жарылғыш заттарды іздеу бағыты бойынша қызмет ететін Буча есімді иісшіл иттің рөлі ерекше.
Буча — қарапайым үй жануары емес, арнайы дайындықтан өткен кәсіби иісшіл ит. Оның міндеті — қоғамдық орындарда, стратегиялық нысандарда және ірі іс-шаралар өтетін аумақтарда жарылғыш заттардың бар-жоғын анықтау. Бұл жұмыс сырт көзге қарапайым көрінгенімен, шын мәнінде аса жоғары дәлдік пен төзімділікті талап етеді.
Бучаның басты «ерекшелігі» — ерекше дамыған иіс сезу қабілеті. Ол күдікті затты тапқан сәтте абыр-сабыр тудырмайды, үрмейді, жүгірмейді. Керісінше, арнайы белгі беру арқылы баптаушысына тыныш түрде хабарлайды. Бұл — арнайы кинологиялық даярлықтың ең маңызды қағидаларының бірі.
Буча қызметтік тәжірибесінде бірнеше маңызды нәтижеге қол жеткізген.
2026 жылғы ақпан айында Атырау қаласында есірткі заттарын заңсыз тасымалдауға қатысы бар күдікті ұсталған кезде, тексеру барысында иісшіл-іздестіру итінің көмегімен жасырылған есірткі заттары анықталып, айналымнан алынды.
2024 жылы Астана қаласында жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шара барысында автокөліктердің бірін тексеру кезінде Бучаның көмегімен оқ-дәрілер табылып, заңсыз сақталған қару-жарақ элементтері тәркіленді.
Төрт аяқты тәртіп сақшысының әрбір қадамы оның баптаушысы — Атырау облысы полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының инспектор-кинологы Рақымжан Ерболатпен тығыз байланысты. Екеуінің арасындағы қарым-қатынас бұйрық пен орындаудан әлдеқайда терең — бұл сенім мен интуицияға негізделген серіктестік.
— Иісшіл итпен жұмыс істеу тек үйрету емес. Бұл — күнделікті еңбек, психологияны түсіну, мінезін тану. Уақыт өте келе арада ерекше байланыс қалыптасады. Буча — мен үшін жай ит емес, сенімді серік, — дейді Рақымжан Ерболат.
Кинологтың айтуынша, жарылғыш заттарды іздеу — ең жауапты бағыттардың бірі. Өйткені кез келген ұсақ қателік үлкен қауіпке әкелуі мүмкін. Сондықтан мұнда қырағылық, тәртіп және үздіксіз жаттығу басты талап болып саналады.
Серіктестіктің табысы — адам мен ит арасындағы сенім деңгейіне тікелей байланысты. Буча мен Рақымжан арасындағы үйлесім уақыт өте келе кәсіби деңгейден де жоғары түсіністікке айналған.
Бүгінде бұл қос серік өңірдің қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күн сайын үлес қосып келеді. Көпшілікке көріне бермейтін бұл еңбек — бейбіт өмірдің үнсіз қорғаны.
Мамандардың айтуынша, кинологиялық қызмет — құқық қорғау жүйесіндегі ең күрделі әрі жауапты бағыттардың бірі. Мұнда тек дайындық емес, ішкі сезім, сенім және шексіз адалдық шешуші рөл атқарады.
Бұған дейін ақтөбелік кинолог Махамбет Абдуалиев ит пен кинологтың мінезі бір-біріне ұқсамауы тиіс екенін айтқан еді.