Кинопремьералар: кинотеатрларда қандай фильмдер көрсетіледі

АСТАНА. KAZINFORM –  Әр аптада көрерменді жаңа премьера күтеді. Kazinform агенттігінің тілшісі таяу күндері қандай фильмдер қарауға болатынын ұсынады.

Кинопремьералар: кинотеатрларда қандай фильмдер көрсетіледі
Коллаж: Kazinform; Kino.kz

Қолыңнан келсе алып қаш

Қазақстандық комедияда өте ашық, ақкөңіл, жетістікке жеткен 35 жастағы Самал есімді қыз туралы баяндалған. Табысты болса да ол тұрмысқа шығуға асықпайды. Әрі өте ырымшыл және анасына қарағанда Роза есімді көріпкелге жиі барады. Бірде Роза Самалға болашақ жұбайы туралы белгі болатынын айтады. Егер ол сол адамды іздеп тауып, тұрмысқа шықпаса, өмірде бақытсыз болады-мыс. Көріпкелдің айтқанына сенген Самал өзінің құрбысы әрі бұрынғы спортшы Сезімге және астрологияны серік еткен Катяға айтып, тағдырына жазылған ер адамды іздеуге аттанады.

ADAM: Нартәуекел

Тоқтар әкесін іздеуге, ата-анасынан көз жазып қалған балалармен танысуға өзге ғаламшарға аттанады. Олар Тум есімді билеушіге қарсы күрес жүргізеді. Алайда Тум оның әкесінің естеліктерін түгел жойып, оң қолы етіп алған. Тоқтар әке жүрегін жібіте ала ма әлде әкесі сол күйі зұлымдықтың құшағында қалама ма?

Диспетчер

Том үлкен корпорация мен үкімет құрылымдарының шырмауында қалған адамдарға көмектесетін мамандық иесі. Мәселен құпия құжаттарды жарияламақ болған Сара өзін аңдып жүрген адамдардың құрығына түсіп қалады. Сара қатаң ережені сақтап қана аман қала алады.

Бір бүтін

Психологиялық хоррор адамдар арасындағы қарым-қатынасты суреттейді. Қала сыртындағы үйге орналасқан ерлі-зайыпты ғажайып бір күйге еніп, өмірі өзгере бастайды. Екеудің арасындағы махаббат та жаңа күйге енеді. Олардың тәні де жаңарады.

Жұпар аңқыған жүрек

Қазақстандық психологиялық драма. Әйел озбыр күйеуін жақсы көреді, оған көнеді. Ал балада таңдау жоқ. Жүрек трансплантациясынан кейін ер адам өзгере бастайды. Бұл жалғыз ұлының жүрек соғысын естуге шешім қабылдаған қариялардың қамқорлығынан, мейірімінен әлде өзіне салынған жаңа жүректің әсерінен болуы мүмкін.

Ол «Иә» деді

Британдық драмедия. Үш апалы-сіңлінің бірі Кэтрин карьера қуған табысты, екіншісі Виктория өте сұлу, ал үшіншісі Джорджина өте сыпайы әрі тұйық. Үшеуі туған қаласына оралады. Себебі олардың анасы тағы да «Иә!» деп айтып, тұрмысқа шығып жатыр. Туған жерде оларды күптеген қонақтар, түрлі құпия мен тағдыршешті өзгерістер күтіп тұр. Той қалай аяқталады?

Соқыр қылыш

Чэннің көзі көрмейді, сонда да ол ұрыс әдістерін шебер меңгерген аңыз жауынгер. Оның табысы — қауіпті қашқындарды іздеп табу, ұстау. Бірде соқыр Чэн отбасы көз алдында көз жұмған 9 жастағы Чжан Сяоюйді құтқарады. Бір кереметтің арқасында тірі қалған Чжан Сяоюй Чэннің келесі тапсырмасына ере барады. Сөйтіп шебер Сяоюйдің ұстазына айналады. Ол отбасынан айырған адамдардан кек алуға көмектесу үшін қызға ұрыс әдістерін үйретеді.

Миссия: Емтихан бағасын өзгерту

Тэд — пранк жасаудың шебері. Ол пранк жасайтын кезде дрон, найза мен құрылыс көбігін де пайдаланады. Мектептегі достарымен бірге емтиханнан құлап қалғанын білген кезде бәрі бір мақсатқа жұмылады. Сөйтіп емтихандағы бағаны өзгертуге шешім қабылдайды. Бірақ бәрі олар жоспарлағандай бола бермейді.