Кипр жағалауында 267 жолаушы отырған кеме аударылып, 7 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Кипрдің солтүстігіндегі Кирения жағалауында жолаушылар кемесі аударылып, салдарынан жеті адам қаза тапты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі TRT Haber-ге сілтеме жасап.
Жергілікті биліктің мәліметінше, кеменің бортында 267 адам болған. Кейінгі ақпарат бойынша, 237 адам құтқарылған. Қазіргі уақытта тағы 23 адамды іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Кирениядан Түркияның Мерсин провинциясындағы Ташуджу портына бағыт алған катамаран үлгісіндегі кеме жағалаудан шамамен төрт миль қашықтықта суға тола бастаған. Кейіннен кеме аударылып кеткен.
Құтқару жұмыстарына жағалау күзетінің катерлері, тікұшақ, сондай-ақ азаматтық кемелер мен қайықтар жұмылдырылды. Жағалау күзеті қызметінің бөлімшелері оқиға туралы дабыл түскеннен кейін шамамен 15-20 минутта оқиға орнына жеткен. Құтқарылған жолаушылар басқа кемелерге ауыстырылып, жағалауға жеткізіліп жатыр.
Кеменің аударылу себебі әзірше анықталған жоқ. Оқиға болған аумақта толқынның қатты екені хабарланды. Бұл құтқару жұмыстарын қиындатып отыр.
Кирения портында алғашқы медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем көліктері мен медициналық шатыр дайындалды. Мемлекеттік және жекеменшік ауруханалар да зардап шеккендерді қабылдауға дайындық режиміне көшірілді.
Kazinform агенттігі ҚР Сыртқы істер министрлігіне кемеде Қазақстан азаматтарының бар-жоқ екенін білу үшін сауал жолдады.
Еске салайық, бұған дейін Индонезия жағалауында 250 адам мінген паром өртенгенін хабарлаған едік.