Кипр жағалауында аударылған кемеде қазақстандықтар болмаған — ҚР СІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Алдын ала мәліметке қарағанда, Кипр жағалауында апатқа ұшыраған кеменің бортында Қазақстан азаматтары болмаған.

Кипр жағалауында аударылған кемеде қазақстандықтар болмаған — ҚР СІМ
Фото: Trthaber

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында мәлімдеді.

— Қазақстандық дипломаттар ақпаратты тексеруді жалғастырып жатыр, — деп толықтырды ведомство.

Еске салайық, бұған дейін Кипр жағалауында 267 жолаушысы бар кеме аударылып кеткенін хабарланған едік. Оқиға салдарынан жеті адам қаза тапқаны айтылды. Кирениядан Түркияның Мерсин провинциясындағы Ташуджу портына бағыт алған катамаран үлгісіндегі кеме жағалаудан шамамен төрт миль қашықтықта суға тола бастаған. Кейіннен кеме аударылып кеткен.